- Басты жаңалықтар
- Қоғам
- Кет! Шығыс Қазақстан облысында бүтін бір ауыл халқы алтын қазуға келген азаматтарды күштеп қуып шықты
Кет! Шығыс Қазақстан облысында бүтін бір ауыл халқы алтын қазуға келген азаматтарды күштеп қуып шықты
Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы Маралды ауылының тұрғындарынан маза кетті. Олар алтын қазуға келген адамдардың әрекетіне наразы, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Ауыл халқының ашынған әрекеті әлеуметтік желіде тарады. Онда заңсыз алтын қазуға келді деген белгісіз топқа жүздеген тұрғынның ашық қарсылық көрсетіп жатқанын байқайсыз.
Артынша жиылған халық билікке мәлімдеме жасаған. Онда 2 қара джиппен қарулы жігіттер келіп қоқан лоққы көрсеткенін айтады. Тіпті бірнеше ауыл тұрғынын соққыға жығыпты. Атамыз деп те қорқытқан. Осы әрекетке шыдамаған халық көтеріліп кеткен.
Кейіннен мәселенің ауыл маңынан салынғалы жатқан алтын өндіретін фабрикаға және оның экологияға әсері жөнінде басталғаны анық болды. 19 шілде күні ауыл тұрғындарымен бірлескен жиын өтуі тиіс болған. Бірақ шара уақыты кейінге шегерілгендіктен ондағы азаматтар әлгі кәсіпорын орналасатын маңға барады. Ал ондағы күзетшілер келген қарашаға күш көрсетіпті. Мұның арты шиеленіске ұласқан.
Желідегі тараған бейнежазбада халық ашына наразылығын көрсетсе, жергілікті билік дабырайтындай жағдай емес деп алаңсыз отыр. Тіпті халықтың бейнежазбадағы ешбір шенеунік келмеді деген үндеуін жоққа шығарған ақпарат та таратыпты.
"Күршім ауданының Маралды ауылында жергілікті тұрғындар мен ауылдан келгендер алтын өндіру фабрикасының құрылысын талқылау үшін жиналыс өткізді. Осыдан кейін ауылдың жекелеген тұрғындары мен зауыт қызметкерлерінің арасында жанжал туындады. Жағдай құқық қорғау органдарымен бірлесіп жедел реттелді. Оқиға орнына ШҚО әкімінің орынбасары Д.Сапанов, Күршім ауданының әкімі А.Акышов, ШҚО полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі М.Бердимуратов келді. Тұрғындармен кездесу өткізіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Құқық қорғау органдары тарапынан кәсіпорынның аумағы мен үй-жайларын тексеру жүргізілуде. Жағдай бақылауда", - делінген қысқа ақпарат таратуда әкімдік.
Жалпы елді мекендегі мәселе 1 жылдан бері шешімін таппай келеді. Себебі алтын фабрикасына қарсылық білдірген жұрт ертеңгі күні экологияны ластайды деп дабыл қағуда. Жай ғана алтын шаятын қоспалар өзенді былғайды дейді. Осылайша тұрғындар зауыттың құрылысын тоқтатуды талап етіп Президентке брінше рет ашық хат жолдаған.
Азаттық сайты фабрика салатын компания иелерінің бірі, кәсіпкер Айдын Рамазановтың Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметінен таяуда босаған Даниал Ахметовтің ұлымен бизнес-серіктес екенін анықтағанын жазуда.