“Кінә бізден”. Әлихан Смайылов кеншілердің отбасынан кешірім сұрады
Премьер-министр Әлихан Смайылов қаза тапқан кеншілердің отбасынан кешірім сұрады. Оның айтуынша, жантүршігерлік апатқа инвестордан бөлек, билік басында отырғандардың да кінәсі бар, деп хабарлайды Uaqyt.info.
«Кінәлі тұлғаларға келетін болсақ, қазір сәйкес жұмыстар жүргізіліп жатыр. Былтыр да 4 кенші қаза тапты. Ол бойынша барлық тергеу аяқталды. Жақын арада материалдар сотқа беріледі. Тамыз айында апат болып, 5 кенші қаза тапты. Қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соңғы болған апат бойынша да тергеу басталды. Барлық кінәлі тұлғалар жазаға тартылады. Шенеуніктерге келетін болсақ, олар да тергеу аясында болады. Біз Үкімет ретінде бұл трагедиялардағы кінәмізді түсінеміз. Қаза тапқан кеншілердің отбасы мен зардап шеккендерге өзім және әріптестерімнің атынан кешірім сұрағым келеді. Біз де болған оқиға үшін жауаптымыз. Қазіргі біздің мақсатымыз-компанияны Қазақстанға қайтарып, оның тұрақты жұмысын қатмамасыз ету және жұмыс орындары мен жалақыны сақтап қалу. Кеншілердің қазасынан кейін туындаған міндеттерді де орындауымыз керек. «Инвестордың өзінің міндеттемелерін орындамауы біздің де жауапкершілігімізге жатады. Сондықтан кеншілердің отбасынан кешірім сұраймыз, өз жауапкершілігімізді сезінеміз», - деді Үкімет басшысы.
Айта кетейік, «Костенко» шахтасындағы апаттан 46 кенші қаза тапқан болатын.