Friday, 22 November,2024

Көкшетауда төсек тартқан анасын ұрып-соққан ер адамға сот үкім шығарды

Алмас Абылай
Фото Ашық ғаламтордан

Сот төсек тартқан анасын тепкілеп тастаған ер адамға үкім шығарды. Ол 4 жылға бас бостандығынан айырылған, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Ер адамның ісі Көкшетау қалалық сотында "анасының денсаулығына ауыр зиян келтірді" деген баппен қаралды. Белгілі болғандай 66 жастағы анасы үйінде жамбас сүйегі сынып, төсек тартып қалған көрінеді. Ұлы мас анасынан тұруды талап етіп, оған айқайлаған. Төсектен еденге итеріп, кеудесінен және ішінен тепкен. Мұнан соң ұйықтап қалған ұлы бірнеше сағаттан кейін оянып, анасының ыңырсығанын естіп, жедел жәрдем шақырған.

"Зардап шегуші жамбас сүйегінің жабық сынуы диагнозымен ауруханаға жатқызылды, кеуде жарақаты, алты қабырғаның сынуы, кеуде гематомасы, жамбас сүйегінің сынуы, іштің жарақаты, көкбауырдың жарылуы, іш қуысында қанның жиналуы анықталды. Сотта ер адам кінәсін мойындап, өкінді. Жәбірленуші анасы оны кешірді, ұлына ешқандай талап қоймады, оны бас бостандығынан айырмауды өтініп сұрады", - делінген ақпаратта.

Жаза тағайындауда сот сотталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайларды – әрекетіне өкінгенін, сондай-ақ ауырлататын мән-жайларды - мас күйінде қылмыс жасағанын ескерді. Осылайша ер адамға 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды және 575 398 теңге сомасында (жәбірленушіні емдеуге шығындар) материалдық залал өндірілді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Ұсынылатын