Monday, 25 November,2024

Көлгіновтің үйінде бар су қарапайым халықта неге жоқ?

Uaqyt.info
Фото Коллаж/uaqyt.info

Астана тұрғындары жарты жылдан бері суға зәру. Осыған байланысты Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов жауап берді, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Су тапшылығынан мезі болған тұрғындардың мәселесі бұған дейін биік мінберлерден бірнеше мәрте көтерілді. Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы Парламент қабырғасында халықтың баклашка алып, көше кезіп кеткенін де айтқан болатын.

“Астана халқының тең жартысы көшеде баклажка ұстап, су іздеп, қаңғып жүрген жайы бар. Өйткені жарты жылға жуықтады – Астанада үйлерде су жоқ. Мінекей, соңғы бір-екі тәуліктің көлемінде санаулы сағатқа ғана берілгені болмаса, халық мүлде сусыз отыр. Мұның себебін сұрағанымызда, Астана әкімдігі "сорғы-сүзгі станциясының үшіншісін саламыз, 2023 жылдың соңында ол толық іске қосылады, сол кезде су тапшылығы шешіледі" деді. Бұл нақты ма, жоқ па деген сауалымызға сол күйі жауап берген жоқ”, - деді депутат.

Бүгін журналистер елдің көкейінде жүрген осы сұрақты Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке қойды. Астананың бұрынғы әкімі өзі қала басшысы болып тұрғанда қандай қызметтер атқарғанына тоқталды.

«Әкім кезімде жасалған жұмыстарды айтып берейін. Алпысыншы жылдардың соңында бірінші станса іске қосылған. Екіншісі 2011 жылы жұмыс істей бастады. Бірақ Астананың өсуіне, тұрғындардың көбеюіне байланысты 2020 жылы жобалау жұмыстарын бастап, 2021 жылы жаңа станса құрылысын бастадық. Ол жұмыс қазір аяқталды. Демек жаңа стансада қазір құрал-жабдықтарды іске қосу жұмысы жүріп жатыр. Әкімдіктің мәліметі бойынша, осы маусым айында су берілуі керек. Соны біз жасадық», - деді Алтай Көлгінов.

Ал өз үйінде су қаншалықты іркіліссіз беріліп тұрғанын сұраған тілшілерге ол былай деп жауап берді.

Менің үйімде су бар. Бірақ Астананың кейбір аудандарында су мәселесі бар. Оны біз білеміз, - деді вице-премьер.

Ұсынылатын