Көлікпен адам қаққан әнші Ерлан Көкеевке іздеу жарияланды
Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Онда журналист әншінің Түркияда адам қағып, кейіннен Қазақстанға қашып кеткеніне тоқталған, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Журналистің айтуынша, Ерлан Көкеев Алания қаласында көлікпен адам қағып кеткен. Соның салдарынан жәбірленуші мүгедек болып қалыпты. Ал әншіге іздеу салынған.
“Бұл жайлы маған Лера (видеодағы) жазда Анталияға барғанымда айтқан еді. Содан бері Ерланға (Көкеев) 2-3 рет хабарластым. Көмекшісі алды, жол апаты жайлы білмейтінін айтты. Ерланға бәрін жеткіздім деді, Көкеев ләм-мим. Оқиға былай, Лера 26 жылдан бері Түркияда тұрады. Жылжымайтын мүлік сатып, жалға көлік берумен айналысады. Теңіз жағалауындағы шаһарға Қазақстандық әншілер легі аттанғанда жарнамалық ұсыныспен Көкеевпен танысады. “Қасында жұбайы, жанында 5-6 баласы бар екен, үлгілі әке ретінде көрдім” дейді Лера. Былтыр әнші Лерадан жалға көлік алады. Отбасы, бала-шағасымен бір шараға барып, мас күйінде мото жүргізушіні қағып кетеді. Есі шыққан Ерлан Лерадан көмек сұрайды, ол таныстарын әкеп, сақтандыру төлеп, Ерекеңді кепілге шығарып алады.
Түркия заңы бойынша, жол-көлік оқиғасының барлық шығынын рульдегі жүргізуші емес, көлік рәсімделген иесі көтереді. “Көлік пен медициналық сақтандыру, кепіл ақысы мен сот отырысының шығыны 34мың € болды. Оны өтегенше Ерлан мен әйелі жанымнан шықпай, өлердегі сөздерін айтып, арашалауын өтінді. Алғашқы шығындарды өтеген соң Көкеев көлеңкесін көрсетпей кетті” деп назын білдірді Лера. Басында телефонын алмай, кейін Лераның нөмірін мүлдем бұғаттап, өзі Қазақстанға тайып тұрса керек. Қазір бүкіл Алания АБК-ң экс әншісін шарқ ұрып іздеп жүр, - деп жазды журналист”, - деп жазды Гүлмира Әбіқай.