Костенко кенішінде қаза болғандар саны 42-ге жетті
Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында болған апаттан көз жұмған кеншілердің саны 42-ге жетті, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады. Дерекке сүйенсек, аварияны жою жөніндегі республикалық жедел штабтың басшысы Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Сырым Шәріпханов шахтаға түсу жұмыстарын жүргізген. Өрт және кеншілердің қаза болған жерлерін тексеру жүргізілді. Аварияны жою жөніндегі жедел штаб тәулік бойы іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіруде. Ең қауіпсіз және кеншілер болуы мүмкін ықтимал учаскелер бойынша тау-кен құтқарушыларының өту жолдары пысықталуда.
Іздестіру жұмыстары шамамен бір-бірінен 4 км қашықтықта орналасқан екі өндіру учаскесінің ауданында жүргізілуде.
Тау-кен құтқарушылары қажетті жабдықтармен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген.
Газ жағдайын бақылау жалғасуда.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына барлығы «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС Қарағанды филиалының 55 тау-кен құтқарушысы және 15 техникасы жұмылдырылды.
Шұғыл медициналық көмекті қамтамасыз ету үшін 21 адам және 7 бірлік жедел медициналық жәрдем техникасы жұмылдырылды.
Бұдан басқа, ТЖМ және Қарағанды облысының ТЖД-да республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істейді.
Сағат 15:00-дегі жағдай бойынша 42 адамның денесі табылды, 4 кеншіні іздеу жалғасуда.