Saturday, 23 November,2024

Криптовалюта кезеңі ме: Ресейде құрдымға құлаған рубльді құтқару үшін цифрлы ақша енгізілмек

Алмас Абылай
Фото Ашық ғаламтордан

Ресейдегі рубль енді криптовалютаға айналуы мүмкін. Орталық банк құрдымға кеткен бағамды құтқару үшін цифрлы рубль құнын бекітті, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Ресейдегі рубльдің құлдырағанын Іnbusiness.kz жазды. Көрші елде күн соңында 1 доллардың бағамы 96 рубльге жеткен. Осы орайда РФ қаржы реттеушісі "сабан" ақшаны құтқару үшін интервенция жасамайтынын, кез келген бағам Ресей үшін қолайлы болып табылатынын мәлімдеді. Десе де рубль қандай тұңғиықтарды бағындыратыны әзірге белгісіз.

Ресей Банкінің директорлар кеңесі цифрлық рубльдің логотипі мен тарифтерін бекітті. Бұл туралы орталық банктің ресми сайтында жарияланды.

"Ол өзара байланысты қос элементтен: рубльдің ресми таңбасынан және оның жиегін әдіптейтін дөңгелек қоршаудан тұрады. Соңғысы бір жағынан, дәстүрлі монетаның қалыбын елестетеді. Екінші жағынан, Ресей Банкінің логотипімен үндеседі", – делінген орталық банктің ресми түсініктемесінде.

Бұған қоса, Ресей Банкі цифрлық рублді есеп айырысуда, төлем жасау, ақша аудару сияқты түрлі операцияларда қолданатындарға арналған тарифті бекітті. Нақтылай кетсек, цифрлық рублді (ЦР) пайдалану тек азаматтар, жеке тұлғалар үшін ғана тегін болады. Басқасы оны қолданғаны үшін РФ басшылығына ақы төлейді.

Крипторубльді қолдану үшін әрбір адам мен компания РФ орталық банкінің тиісті платформасында есепшот ашуға міндетті. Бұл жерде әрбір адам мен бизнес нысанына тек 1 есепшот ашуға рұқсат.

Әрі қарай заңды тұлғалардан келесідей ақы жиналады. Біріншіден, бизнес тауарлары мен қызметтерінің төлемін ЦР түрінде қабылдағаны әр төлем сомасының 0,3% көлемінде ақы төлейді (бірақ алым сомасы 1,5 мың рубльден аспайды). Соның ішінде тұрғын үй-коммуналдық қызметтер көрсететін компаниялар үшін тариф 0,2% болады.

Заңды тұлғалардың өз арасындағы аударымдар бойынша комиссия әр операциядан 15 рубльді құрайды. Дегенмен жеңілдікті өтпелі кезең белгіленіп отыр. Барлық тарифтер тек 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосылады. Яғни, осы кезеңде бизнеске де ЦР қолдану уақытша тегін болады.

Нәтижесінде Ресейдің ұлттық валютасының 3 түрі болады: қолма-қол, қолма-қолсыз және цифрлық.Техникалық тұрғыдан алғанда, цифрлық рубль жай ғана код болып келеді. ЦР-мен тауарлардың ақысын төлеу үшін QR-кодты пайдалану қажет болады.

Бірақ сарапшылар ЦР-дың санкциялардың қақпанынан құтқаратынына сенбейді. Тіпті оның криптовалюта бола алмайтынын да ашық айтып жатыр. Ресейлік қаржыгер Евгений Романенконың пікірінше, билік осы арқылы ресейліктердің және рубльді пайдаланатын шетелдіктердің қаржысының қозғалысын бақылайтын болады.

Ұсынылатын