Күдебаевтың үнсіз келісімімен 23 азамат жаппай азапталған – Бас Прокуратура
Бас Прокуратура 10 жылға сотталған Серік Күдебаев ісіне қатысты тың деректі жариялады. Ақпарға сүйенсек, оның көзінше қол астындағы қызметкерлері "Қаңтар оқиғасы" кезінде адамдарды ұрып-соққан, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Ақпаратта Күдебаевтың "Қаңтар оқиғасы" кезінде Қазақстан Республикасы Конституциясының, Мемлекет басшысының "Төтенше жағдай енгізу туралы" Жарлығының, "Құқық қорғау қызметі туралы" және "Ішкі істер органдары туралы" заңдарының нормаларын бұзып, сондай-ақ ведомствоішілік бұйрықтар мен арнайы жоспарлардың талаптарын орындамағаны айтылады. Сонымен қатар шабуыл белгілері болмаған жағдайда, төтенше жағдай кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің орнына, ол жеке құрамға ғимараттан кетуге және үйлеріне тарауға заңсыз бұйрық беріп, қызметкерлердің райын қайтарған.
"Жергілікті жердің коменданты ретінде жедел штабтың тиісті жұмысын және аймақтағы жағдайды тұрақтандыру бойынша уақтылы шаралар қабылдауды қамтамасыз етпеген. Нәтижесінде Талдықорған қаласында хаос пен биліксіздікке жол берді. Тонаушылар сауда үйлері мен бизнес нысандарын тонады. Банкоматтар мен супермаркеттердің дүңгіршектерін қиратып, облыс әкімдігі, "Нұр Отан" партиясы ғимараттарына шабуыл жасап, өртеді", - делінген ақпаратта.
Сондай-ақ, қылмыскерлер құқықтық тәртіп күштері болмаған кезде жазасыздық пен рұқсат етілгендікті сезініп, облыс Полиция департаменті мен Талдықорған қаласы Полиция басқармасының ғимараттарын басып алғаны, олардың 500-ге жуық қару мен 28 мыңнан астам оқ-дәрісін ұрлағаны және олардың бір бөлігі әлі табылмағаны жазылған.
"Мемлекетке, азаматтарға және кәсіпкерлерге келтірілген залалдың жалпы сомасы шамамен 5 млрд теңгені құрады. 2022 жылғы 7-16 қаңтар аралығында оның үнсіз келісімімен Полиция департаментінің ғимаратында 23 азаматқа қатысты жаппай азаптау қолданылды. Сонымен қатар, С.М. Күдебаевтың көз алдында оның қарамағындағылар департамент аумағында жеткізілген адамдарды ұрып-соққандығы бейнекамераларға жазылған. Психикалық және физикалық зорлық-зомбылықпен, сондай-ақ бу үтікті қолданумен қатар жүретін тыйым салынған тергеу әдістерінің нәтижесінде аталған азаматтардың денсаулығына әр түрлі дәрежедегі зиян келтірген. Оның кінәсі қылмыстық іс бойынша жиналған дәлелдемелер жиынтығымен толық дәлелденді", - деп мәлімдеді Бас Прокуратура.