Sunday, 24 November,2024

Лай су ішкен тұрғындар, қиратылған ойын алаңы: Мәслихат депутаты Самат Толықбай Бас Прокуратураға үндеу жолдады

Алмас Абылай
Фото Видеодан кадр

Алматы облысы Қарасай ауданы мәслихат депутаты Самат Толықбай Бас Прокуратураға және Антикорға үндеу жолдады. Ол жергілікті биліктің бармақ басты көз қысты әрекетінен қарапайым қараша зардап шегіп отырғанын мәлімдеген, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Бейнеүндеуін депутат әлеуметтік парақшасында жариялады. Онда 5 жылдан бері лай су ішіп отырған Жандосов және Шалқар ауылы тұрғындарының мәселесін көтереді. Сөзінше мердігер компания 2018 жылы су тазартатын фильтрді дұрыс қоймаған.

"Жандосов пен Шалқар ауылы лай су ішіп отыр. 5 жыл бұрын 1 миллиардқа жуық қаржы бөлініп фильтр орнатылған. Алайда әлі күнге құрт аралас лай су ішуде. Су мамандары ағынды өзен суына арналған фильтрдің орнына құбырға арналған скважинаға арналған фильтр орнатып кеткен. Аудандық ЖКХ қабылдап алған. Оған жолданған сауалға мынадай жауап келіпті: "Сапақұрылыс2007" атты мердігер компания жұмысты атқарған, бірақ жобаның сметалық құжаттарын бере алмаймыз депті. Мұндай жауап бола ма", - деп күйінеді депутат.

Сонымен қатар, Самат Толықбай қалаға салынған ойын алаңын жөнсіз қиратып, қазір қараусыз орынға айналғанын да айтады. Ал бұл жайтқа әкімдік ауданға сілтейді, аудандағылар бастарын ала қашуда.

Дәл осы бассыздыққа жөні түзу жауап ала алмаған депутат тікелей билік тарапынан тексеру жүргізілу керегін алға тартқан.

Ұсынылатын