Лауазымын пайдаланған бұрынғы министр ұсталды: Марат Бекетаев екені рас па?
Антикорр бүгін Мемлекет басшысының заңсыз шығарылған активтерді іздеу және қайтару жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде Әділет экс-министрін ұстағанын мәлімдеді. Ол лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Дерекке сүйенсек, экс-министр талап етілмейтін қызметтерді көрсетуге жыл сайынғы келісімшарттар жасау арқылы үлестес компанияның мүдделерін қолдаған. Бұл әрекет мемлекетке үлкен зиян келтірді. Қазір активтерді қайтару бойынша жұмыс жалғасып жатыр.
"Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі", - деп жазылған хабарламада.
Көп ұзамай ұсталған шенеунік Марат Бекетаев деген ақпараттар тарады. Журналист Михаил Козачков та телеграм-арнасында алып-ұшпа әңгіменің шындыққа жанасатынын растаған.