Saturday, 23 November,2024

Мағауин: "Назарбаев тұсында “жер сатылсын!” деп қол қойған адамның бірі – Шерхан Мұртаза"

Uaqyt.info
Фото Ашық дереккөзден

Халық жазушысы, тарихшы Мұхтар Мағауин Halyk uni ютуб-арнасына берген сұхбатында жер сатуды мақұлдап, қол қойған ақын-жазушылардың есімін атады. Оның ішінде Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғарсынова есімді әдебиеттің заңғар өкілдері бар, деп хабарлайды Uaqyt.info.

“Назарбаев тұсында “жер сатылсын!” деп қол қойған адамның бірі – Шерхан Мұртазаев. Жердің сатылуына бүкіл жазушылар қауымы қарсы болды. Алтынбек Сәрсенбаевтың ұйымдастыруымен жиналыс өткіздік. Барлық шығармашылық ұйымның өкілдері келді. Суретшілер мен композиторлар одағынан да адамдар келді. Сол жерде қатты-қатты сөйледік. Мен оның алдында мақала жазғанмын. Мен де сөйледім. Кейін сол отырыс газетке басылды. Бірақ менің айтқан сөзімді ешкім шығарған жоқ. "Жұлдызға" қайыра бастырдым, ол екінші сөз болатын. Сонда Мұртазаев жиналысқа келген жоқ. Алдында "Жерді сату – анасын сатқан", деп ұрандатып жүрген. Артынан "Жерді сатқан дұрыс, мен бір жерде отырғым келеді зейнетке шыққан соң, сонда жерсіз қалай отырамын?" деп парламентте Фариза екеуі жерді сату үшін қол көтерді. Үшінші жазушы болды, жер сатылуды қолдаған – Исабаев. Ол "Ауыл" деген партияның төрағасы болды, – дейді жазушы.

Шерхан Мұртазаның жер сататын заңды қолдағанын журналист Жұлдыз Төлеу де растап отыр. Оның айтуынша, заңғар жазушыдан бөлек сол заңға ақын Фариза Оңғарсынова да қол қойған. Ол бұл туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

“Мен негізі журналист ретінде біраз тарихи оқиғалардың тірі куәгері болғандардың бірімін ғой 😊

2003 жылы парламентте Жер кодексінің жаңа жобасы қаралып жатты. Онда жерді шетел азаматтарына сату жөнінде бап (кейін 49 жылға жалға беру боп өзгертті) болған. Бұл қоғамда үлкен дау туғызған заң жобасы болды. Заң жобасы ұзақ талқыға салынды. Әу баста мәжілісте отырған Амангелді Айталы, Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғарсынова секілді ақын-жазушы аға-апаларымыз заң жобасын сынға алған.

Мен ол кезде Астанада Азаттықтың тілшісі боп жүргем. Сын сағаты соғылып, заң жобасына дауыс берілген кезде, сенат пен мәжіліс депутаттарынан қарсы болған 5-6 адам болды. Мен репортаж жасап парламентте жүргем. Сол кезде Шерхан Мұртаза, Амангелді Айталы, Фариза Оңғарсыноваға барып, "халық сіздерге сенді ғой, неге жақтап дауыс бердіңіздер?" деп, сұрақты төтесінен қойғам. Шерхан Мұртаза қолын бір сілтеп, үндемей теріс бұрылып кетті. Амангелді Айталы мазам жоқ, ауырып тұрмын деп кетіп қалды. Одан Фариза апамыздың кабинетіне бардым. Ол кісі қахарлы үнімен "осы Азаттық бәле іздеп жүреді екенсіңдер" деп кейіп, ұрсып берді. Сол кезде ботадай боздап, жылап редакцияға барғаныма әріптесім Кенжебек Тыныбаев куә.

Сонда да қоймаймын ғой, халықтың үнін жеткізетін ел ағаларын іздеп жүрмін. Сол күні Еуразия университетінде республикалық ақындар айтысы өтіп жатты. Ойладым, ең болмағанда ақындар халық сөзін айтар деп. Алып-ұшып сонда бардым. Білесіздер ме, бірде бір ақын түк болмағандай, Жер мәселесін қозғамады, ешқайсысы сахнада ләм-мим демеді.

Айтыс аяқталған соң, Серікзат Дүйсенғазин, Айнұр Тұрсынбаева, Бекарыс Шойбеков секілді адуынды ақындардан бұл қалай деп сұқбат алдым. Бәрі "білмейміз, естімедік" деп жауап берді.

Тек Ринат Зайытовтың ары бар екен. "Мырзатай Жолдасбеков ағамыз айтыстың алдында бәрімізді жинап алып, Жер мәселесін қозғамаңдар деп өтініш айтты. Сол үшін көтере алмадық" деп шынын айтты.

Мұның бәрі Азаттықтың архивында сақтаулы!”, - деп жазды Жұлдыз Төлеу.

Ұсынылатын