Saturday, 23 November,2024

Майқайыңдағы апат: Жер астында қалған екі адамның туыстары Тоқаевтан көмек сұрап отыр

Uaqyt.info
Фото ашық дереккөзден

Майқайың кенішінде құлаған автобуста қалған екі адамның туыстары көмек сұрап Астанаға келді. Апаттың болғанына үш айға жуықтаса да, құтқарушы мен автобус жүргізушісінің мәйіті әлі табылған жоқ. Ал іздеу жұмыстары тоқтап тұр, деп хабарлайды Uaqyt.info.

КТК хабарлауынша, марқұмның жақындары құтқару жұмыстарын жалғастыруды талап етуде. Павлодар облысының әкімдігі мен жергілікті прокуратурадан күдер үзген олар енді жағдайға Президенттің араласуын сұрап отыр.

Құтқарушы Айдос Шәймерденнің әйелі Астанаға шиеттей бала-шағасын ертіп келген. «Асыраушымнан айырылдым, бес баламды енді кім асырайды» деп көз жасын тыя алар емес. «Жұбайымның мәйітін тауып берсе, ғұрыпқа сай жерлесек» дейді. Павлодарда іздеу жұмыстарын жалғастыруды сұрап, әкімдік пен прокуратураның табалдырығын тоздырған Нұрсұлу еш шара қалмаған соң, Үкіметтен, Бас прокуратурадан көмек сұрап отыр.

Бізді еститін пенде жоқ. Кішкентай балаларымды алып Астананың төріне келіп отырмын, алып берсе екен, шығарып берсе екен деймін. Тірі емес екеніне көндік қой, тірі дейін десем, үйде жоқ, өлі дейін десем, бейіт басы жоқ”, - деді құтқарушының әйелі Нұрсұлу Шәймерден.

Іздеу жұмыстары қашан жанданатынын төтенше жағдайлар министрлігі де айта алмады. Қазба жұмысының тоқтағанына бір ай өтсе де, сараптама жасалмаған

“Екі жақ сараптама жүргізіп, құтқарушылар үшін қазба жұмыстары қаншалықты қауіпсіз екеніне шешім қабылдауы тиіс. Сарапшылар қауіп жоқ деп шешсе, әрине, іздеу жұмыстары қайта жанданады” – деді ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов.

Автобуспен бірге топырақ астында қалған екі адам әлі жоғалғандар санатында. Ал олардың отбасы зардап шегуші ретінде танылмаған. Павлодардан көмек сұрап келген қауымды үкіметтегілер Бас прокуратураға, ондағылар айналып келіп облыс прокурорына қайта бағыттапты.

Ұсынылатын