Маңғыстау облысында ауыл тұрғындары апатты үйде тұрып жатыр
Маңғыстау облысындағы Сайөтес ауылында 10-нан астам отбасы апатты үйлерде тұрып жатыр, деп хабарлайды Uaqyt.info «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
Екі қабатты 3 үй кезінде теміржол қызметкерлеріне арналып салынған еді. Кейін жекеменшікке өткен. Содан бері күрделі жөндеу көрмепті.
Жуырда сараптама жасалып, апатты деп танылды. Апатты жағдайдағы үйлерде 11 отбасы тұрады. Кейбірі мүгедек бала тәрбиелеп отыр. Көшіп кетуге тұрғындардың шамасы жоқ.
Жауапты мамандардың сөзінше, мәселені шешу үшін комиссия құрылды.
«Алдағы уақытта апатты үйлерден тұрғындар көшіріледі, әзірге уақытша баспана ұсынып жатырмыз», - дейді ауыл әкімі.
ЭЕгер біз эвакуациялайтын болсақ, арнайы мектептің акт немесе спорт залдарына немесе белгілі бір орындарға эвакуациялаймыз. Ал тұрғындардың ол орындарға бармайтыны белгілі. Сондықтан біз тұрғындарға әртүрлі ұсыныс айтып жатырмыз. Қазір облыс бюджетінен қаржысы қаралып жатыр. Бір қабатты 4 үй салуға”, - деді ауылдық округ әкімі Сабыржан Әбдиев.
Жаңа үйлердің құрылысы таяу жылдары басталады деп күтіледі. Осы ауылдағы тағы 19 үйдің шатырын жөндеп, сыртын сылауға бюджеттен қаражат сұралған.