Friday, 20 September,2024

Маңғыстау облысындағы бір мектепте 11 сыныпты тек 2 қыз бала ғана аяқтаған

Алмас Абылай
Фото Видеодан кадр

Маңғыстау облысы Бейнеу мектеп-интернатында оқушы санына байланысты тек 2 түлек қана 11-сынып бітірген, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Бұл туралы Маңғыстау-медиа жазды. Дерекке сүйенсек, бұл ауылда екі мектеп бар. Оның бірі Ә.Жангелдин атындағы білім ордасы болса, екіншісі Бейнеу мектеп-интернаты. Алғашқысында 350-ден астам оқушы білім алады. Ал интернатта оқушылар саны тек 100-ден асады. Мектеп басшысының айтуынша, көбі жақын маңдағы ауылдар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасының балалары.

"Биыл Сарға ауылындағы Бейнеу мектеп-интернатынан 2 түлек бітірді. Былтыр осы сыныпта көрші ауылдан екі ер бала келіп оқыған еді.  Алайда 11-сыныпқа көшетін уақытта олар кетіп қалды. Себебі, дене тәрбиесі секілді сабақтар ер балалар үшін қызықсыз болды. Бейнеу мектеп-интернатында 104 оқушы бар. Оның 50-і  интернатта жатады. Оқушыларға 29 мұғалім сабақ береді. Бізде 11 сыныпқа дейін оқушылар іріктеліп, тек екеуі ғана қалды. Көбі 9-сыныптан кейін колледжге түсті", - дейді мектеп директоры Айса Сағындықов.

Оның айтуынша, бір сыныпта екі оқушының ғана болуы өте қиын көрінеді. Мәселен, білім алуда бәсеке атаулы мүлдем болмайды екен. Егер сыныпта 15-20 оқушы болса, сабақ қызықты бола түсетіні сөзсіз. Екі оқушы болғаннан кейін оларды ынталандырып, қызықтыру мұғалімге оңай емес, деп отыр мектеп директоры.

Ұсынылатын