Saturday, 5 October,2024

Мақсат Толықбай Назарбаевтың компаниясына қатысты халықтың шағымын тыңдады

Uaqyt.info
Фото Ақорда

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай газ тарифін негізсіз өсірген компанияға қатысты Шамалған ауылының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Ел аузында Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевқа тиесілі делінетін «Сигма-газ» компаниясына қатысты Шамалған ауылында жиын өтті. Тұрғындардың айтуынша, өзге өңірлерге қарағанда, бұл ауданда газ тарифі қымбат.

«Сигма-газ» ЖШС көгілдір отынның бір теше метрі үшін 34 теңге 75 тиын алып жатыр. Ал бұл Қарасай ауданына қарасты өзге округтер мен ауылдар төлейтін тарифтерден 5-6 теңгеге қымбат, - дейді тұрғындар.  

Депутатқа мұңын шаққан ауыл азаматтары мәселе оң шешілмесе, Астанаға дейін барып, жолды жабамыз деп отыр. Ал Мақсат Толықбай елдің мұңын Президентке дейін жеткізуге уәде берді. Сондай-ақ ол жиынға келуі тиіс болған Қарасай ауданы әкімдігінің үстінен шағым түсіретінін жеткізді.

«Сигма-газ» ЖШС баға тарифін негізден тыс өсіріп отырғанын біз біліп отырмыз. Оны антимонополия агенттігі де айтып отыр. Мен кеше фракцияға да айтқан едім, аудан әкімінің өзі болсын, Прокуратурадан да өкіл келсін деп. Қайда олар? Осындай кезде ол отыруы керек қой халықтың арасында. Сәлем айта барыңыздар, мен мұны фракцияда көтеріп, әкімге сөгіс жариялау мәселесін қолға аламын”, - деді Мақсат Толықбай.

Айта кетейік, Сигма-газ» ЖШС Қарасай ауданындағы Шамалған, Жандосов, Шалқар, Қайрат, Еңбекші, Құмарал, Үштерек ауылдарын және Арай, Дархан саяйларын көгілдір отынмен қамтамасыз этеді . Алайда, бүгінгі кездесуге ол компаниядан бірде-бір өкіл төбе көрсетпеді.

Ұсынылатын