Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаевтың екі ұлына сот үкімі шықты
Тараз қалалық №2 сотында алаяқтық бойынша 4 адамға қатысты қылмыстық іс қаралды. Айыпталушылар қатарында Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаевтың 2 ұлы да бар, деп хабарлайды Uaqyt.info.
4 адам субсидияны ұрлау арқылы мемлекетке 550 миллион теңге шығын келтірді деген күдікпен айыпталды. Яғни сатып алынған "Альбион" құлпынай көшеттері үшін олар (оларды шаруа қожалықтарына рәсімдеп) мемлекеттік субсидиялар алған, әрі бір бөлігі алаяқтық жолымен ұрланып, жеке қажеттіліктеріне жұмсалған.
Прокурор қылмыстардың жиынтығы бойынша Дайрабаев пен Молдақалықты 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын шартты түрде тағайындауды, ал Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Ерлан Күлекеевті 6 жылға бас бостандығынан айыру, Елжан Елібайдың мүлкін тәркілеп, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Осылайша сот Ерлан Күлекеевті 6 жылға бас бостандығынан айырды. Елжан Елібай мүлкі тәркіленіп, кез келген меншік нысанындағы ұйымдарда басшылық лауазымды атқару құқығынан айырылды. Ол 5 жылға сотталды. Ал мәжілісмен ұлдары шартты жаза алды.
"Марат Дайрабаев және Дидар Молдақалықтың мүлкі тәркіленіп, кез келген меншік нысанындағы ұйымдарда басшылық лауазымды атқару құқығынан айырылды. Екеуінің де 5 жылға шартты түрде бас бостандығы шектелді. Оларға пробациялық бақылау қойылады", - делінген ақпаратта.
Десе де сотталушылар кінәлерін мойындамаған.