Monday, 25 November,2024

Мектептің жері жекеменшікке сатылып кеткен: Тұрғындар депутаттан көмек сұрады

Uaqyt.info
Фото Ашық дереккөзден

Алматы облысы, Қарасай ауданының тұрғындары мәжіліс депутаты Мақсат Толықбайдан көмек сұрап, хат жазды, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Құрметті, Мақсат Толықбай мырза!

Біз Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қаскелең қаласының, Халифа Алтай, Суықбұлақ, Балқаш, Есіл көшелері бастаған он-он бес көшенің тұрғындарымыз. Біздің тұрған жерді демографиясы қарқынды дамыған аты жоқ шағын аудан десе де болады. Қарасай аудандық мәслихатының 09.01.2020 жылы №54-4 шешімімен бекітілген Қаскелең қаласының Бас жоспарында біз тұрған аумаққа мектеп ғимаратының бой көтеретіні анық көрсетілген. Аталған аумаққа жұрт жаппай қоныстанғанына 12 жылдан асты. Халық "мектеп салынады" деп 12 жыл бойы зарыға күткен сол аумақ жекеменшікке сатылып кетіпті.

Біздің Қарасай аудан әкіміне жазған хатымызға "жерді мемлекет мұқтаждығы үшін қайта сатып алуға және мектеп құрылысына 2023 жылға қаражат қарастырылмағаны" туралы Қарасай ауданының "Құрылыс, сәулет және қалақұрылысы бөлімінің" жауабы келді. Есесіне, сатылып кеткен жерге бой көтеруге тиіс мектеп, "Жайлы мектеп" жобасымен "Алтын ауыл" шағын ауданындағы ескі мектептің қасына салынатын болыпты.

"Алтын ауыл" шағын ауданы мен біз тұрған жердің арасы төрт шақырым жер. Біздің балаларымыз жиырма жылдан бері онсыз да сол "Алтын ауыл" шағын ауданындағы мектепке қатынап, аяқтарынан тозып жүр. Қыстың көзі қырауда мектеп табалдырығын енді аттаған 6-7 жастағы баланың 4 шақырым жердегі мектепке жаяу баратыны, үйіне тағы 4 шақырым жер жаяу қайтатыны, күніне әр бала міндетті білімін алу үшін 8 шақырым жаяу жүретіні аудан атқамінерлерін ойландырмай отыр. Үлкен сыныптар қосымша сабақ, мектептің түрлі шараларына баратын кездері де жиі болып тұрады. Мұндай күндері 8 шақырым жол 16 шақырымға ұзарады. Оның үстінде көшелерде жарық жоқ. Әр ата-ана қараңғыда балаларының аман-есен үйіне қайтуын уайымдаумен отырады. Болмаса, бала-шағасын мектептен күтіп алып, олар да 8 шақырым жерді жаяу жүруге мәжбүр. Көше толған ит. Балалар мектепке барып-келу тауқыметімен қоса, иттермен арпалысуға мәжбүр. Мектепке барар жолдың тең жарымынан көбінде асфальт төселмеген. Асфальт төселген жол тар. Машиналар ол жолда өте жылдам жүреді. Балаларымызды көлік қағып кетуі әбден мүмкін екені айтпаса да түсінікті.

Аудан шенділері бізді ылғи да сабырға шақырумен, уәде берумен алдап келеді. Шыдамның да шегі бар. Мемлекеттің қолдауымен "Жайлы мектеп" жобасымен салынатын білім ордасы қаланың Бас жоспарында көрсетілген, қазір жеке қолға сатылып кеткен жерге салынуын талап етеміз. Себебі, ол жер әлі күнге бос тұр. Ешқандай құрылыс салына қоймады.

Мемлекет ауданымызға "Жайлы мектеп" бағдарламасымен білім ошағын салуға қаражат бөліп отыр. Ол мектеп 4 шақырым жер қашықтағы біздің көшелерге жайлы болмайын деп тұр. Логикаға сүйенсек, мемлекет бөлген қаржыға мектебі жоқ аумаққа білім ордасы салынуы керек емес пе? Жоқ әлде, қарасайлық шенеуніктер Шалқар ауылындағы сияқты ескі мектептің жанынан жаңасын салып, ескі мектептің ғимаратын да сатып жіберуді жоспарлап отыр ма? Әрине, күдік келтіруге хақымыз бар деп ойлаймыз!

Құрметті, Мақсат Толықбай мырза!

Қарасайлық қара халықтың бұл өтінішін жерде қалдырмай, "Жайлы мектеп" жобасымен салынғалы жатқан мектеп ғимаратын тұрғыны көп аумаққа, қаланың Бас жоспарында көрсетілген жерге бой көтеруіне ықпал етуіңізді өтінеміз! Біздің балаларымыз да өзге жеткіншектердей жақын жердегі мектепте оқып, білім алуға құқы бар. Ел сеніміне ие болған депутат ретінде сол бүлдіршіндердің құқығын өз баласының құқығындай қорғайды деп бір өзіңізге сенім артып отырмыз!

Құрметпен, мыңдаған ата-ананың атынан Серік Сақтаған

Ұсынылатын