Saturday, 23 November,2024

Мемлекет басшысы әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құраны табылғанын қуанышпен жеткізді

Алмас Абылай
Фото Ашық ғаламтордан

Президент Ұлттық құрылтайда әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құраны табылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Uaqyt.info.

"Жиынның соңында елдің рухын көтеретін тағы бір жақсы жаңалықты сіздермен бөліскім келеді. Әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құраны табылды. Бұл – еліміздің рухани өміріндегі елеулі оқиға. Марал ишан барша қазаққа танымал адам болған. Ол – төл тарихымызда ерекше орны бар Кенесары ханның үзеңгілес серігі. Бұл Құран екі ғасыр бойы қолдан қолға өтіп, ақыры шетелге шығарылған екен. Оны жанашыр азаматтардың, меценаттардың көмегімен Қазақстанға қайтарып алдық. Құранда Марал ишанның және Кенесары ханның мөрі бар. Жәдігерге жан-жақты сараптама жасалды. Отандық және шетелдік ғалымдар Құранды мұқият зерттеді", - деді Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы осы Құранды жақында Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасына табыс ететінін айтты. Өйткені, бұл – бүкіл елге ортақ қазына.

"Құнды мұраның барша халқымыз үшін қастерлі орында тұрғаны абзал. Сондықтан, Құранды қалпына келтіріп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қойған жөн деп санаймын. Кезінде Тайқазанның елге оралуын жұрт жақсы ырымға балаған еді. Көп ұзамай Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болды. Ұлт азаттығы үшін күрескен Кенесарының қолында болған Құран кітабының елге келуі де жақсы ырым деп ойлаймын. Бұл оқиға Қазақстанның жаңа дәуірінің берекелі бастауы болсын деп тілейік", - деп қорытындылады сөзін Президент.

Ұсынылатын