Меркіде тазымен шибөрі алған малшыға хаттама толтырылды
Жамбыл облысында шибөрі алған аңшыға хаттама толтырылды. Инспекторлар мұны заңбұзушылық деп отыр, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Қанжығасына шибөрі байлаған аңшының видеосы Facebook әлеуметтік желісінде пайда болды. Онда тазы иттерін ерткен аттыны көруге болады. Оны инспекторлар тоқтатып, хаттама толтырып жатыр. Әзірге аңшыға қанша айыппұл салынғаны белгісіз.
Видеоны желіге жүктеген автор малшыға шүйліккен инспекторлардың әрекетін сынға алған.
“Әлі аңшылық маусым біткен жоқ. Шибөрі уақ малды қырып салғанда осы қорықшылардың біреуі көмек бермейді. Әлде қазақы жолдан кетіп қалдық па? Тазымен алған аңның бәрі олжа емес пе?. Президентің тазыны дамыту туралы пәрмен береді. Оған қарасты министрлік мамандары пәрменіңе пысқырмайды. Дәстүрлі аңшылық дегеніміз осы.
Ауылдағы тазы ерткен саятшыдан аңшы жолдамасын сұрап мазасын алғанша сол жерде нақ шибөрі аулауға берілетін қағазды қолына ұстатып кетпейсіңдер ме? Ұят қайда? Әлде қолдарыңнан тек хаттама толтыру ғана келе ме? Үнемі осындай шағым келеді. Ақбөкенді өздері атып, шибөріге келгенде сақшылығы ұстап қалатын қорықшыларға тоқтау бола ма?”, - деп жазды Ұлағат Ханзада есімді желі қолданушысы.
Бейнежазбаға қатысты желі қолданушылары да наразылықтарын білдіріп, түрлі пікір жазып жатыр.
“Жүріп жатқан рейдтің жағдайы қысып тұрған жоқ, соны желеу етіп бірдеңе дәмету қысып тұр, "Табиғат жанашыры". Малшының малының орнын кім толтырады? Малға шапқан жыртқышты басынан сипау керек пе?”, “Өздігінен шешім қабылдай алмайды бұндайлар! Тап сол шағалға хаттама толтырмай-ақ қойса да болады! Біз жақта машина қағып-ақ өліп жатқан шибөрілер ғой! Қайта, тазы ерткен ерге қолдау білдірмей ме?!!! Сауатсыздар!”, “Қорқаулар қорқауды қорғай қалыпты ғой. Итпен ұстаса ол олжасы. Малға зиянды шүйбөрінің азайғаны жақсы ғой. Қай атасынан көріпті тазылар тап келген аңына рұқсат керек деп тұрмайды ғой”, - деп жазды желі қолданушылары.