Миллиардтаған ақша ешкім көрмейтін киноларға жұмсалып жатыр
Бюджеттен бөлінген қыруар қаржы "кино" деп аталатын - ешкім көрмейтін нәжістерге жұмсалып жатыр. Журналист Алмас Алтай осылай деп дабыл қақты. Ол "құдалық" деңгейіндегі қойыртпақ түсіргендерді тексеруді талап етті, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Өз пікірін Алмас Алтай Facebook-тегі парақшасында жазды.
“Бюджеттен миллиардтап ақша беріп, кино түсіртеді екенбіз. Ол киноға салған қаражаттың 1 - 2 пайызын ғана там-тұмдап қайтарып алады екенбіз...
Құдай-ай, Kaspiге депозит қылып салып тастасаң да 15% өсім береді ғой айына, не талан-тараж мынау?
Халыққа "салық төле, салық төле" деп қалай дікеңдейміз??? Халық төлеген салықтың қаражаты "кино" деп аталатын - ешкім көрмейтін нәжістерге жұмсалып жатыр ғой, айналайындар-ау.
"Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы" арқылы ақша үлестіріледі екен. Төмендегі кестені қараңыз: МИЛЛИАРДТААААР АЙНАЛЫП ЖҮР МҰНДА!!!
Сорақысы: Ұлттық кино ретінде қолдау алған, құрсын, бюджеттен миллиондап ақша алған дейікші, кей фильмдер - прокатта 1(!) апта ғана тұрған. Өйткені, бұлар мемлекеттік бюджеттен алған ақшаға фильм емес, "шаш алу", "тілашар", "құдалық" деңгейіндегі қойыртпақ түсірген, ол үшін кинотеатрға кім барады??? Халықтың салығы осылай игерілетін болса Үкімет неге кәсіпкерлерді зар илетіп жатыр??? "Қит" еткенді зар қақтыратын "налоговый" мен "антикорр" қайда? Жұмысқа тұрғанына үш күн болған бұғалтірі премия алатын мынау мекемені неге тексермейді?” – деп жазды Алмас Алтай.