Миллионер Мәскеудегі кеңсесінде өлі күйінде табылды
Ресейлік кәсіпкер, "ИКС холдинг" ІТ-компаниясының негізін қалаушы 40 жастағы Антон Черепенников Мәскеудегі кеңсесінде өлі күйінде табылды, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Азаттықтың жазуынша, Черепенников Мичурин даңғылы бойындағы кеңсесінен 22 шілдеге қараған түні өлі күйде табылған. Алдын ала ақпарат бойынша, оның жүрегі тоқтаған.
Миллионер "ИКС Холдинг" компаниясын 2018 жылы құрған. Холдингтің құрамында шамамен 30 компания бар, арасында дерек қорын сақтайтын YADRO, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы "Цитадель", "Криптонит" ғылыми-зерттеу компаниясы, "Бюро 1440" бар.
Ол басқаратын "Цитадель" компаниясы жедел-іздестіру шарасын жүзеге асыратын жабдықтарды әзірлеген. Ондай қондырғыны байланыс жүйесінің операторлары "Яровая заңына" сәйкес, орнатуға міндетті. Соның көмегімен арнайы қызмет интернет қолданушылардың телефондары мен әрекеттерін аңдып, бақылаған.
"Яровая заңы" күшіне енгелі бері "Цитадель" компаниясы 20 миллиард таза табыс тапқан.