Министрлер берген анттарында тұра ма?
Үкімет отырысы жаңа министрлердің ант беру рәсімінен басталды, деп хабарлайды Uaqyt.info El.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Үкімет басшысы Олжес Бектенов: «Өздеріңіз білетіндей, Үкіметте төрт жаңа министр тағайындалды. ҚР Үкіметі туралы Конституциялық заңға сәйкес, Үкімет құрамына алғаш кірген министрлердің ант қабылдау рәсімін бастайық», - деді.
Ант берген министрлер қатарында премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, қаржы министрі Мәди Такиев, төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бар.
Қазақстан Республикасының халқы мен Президенті алдында, өз Отаным Қазақстан Республикасының экономикалық және рухани даму ісіне өзімнің барлық күш-жігерім мен білімімді жұмсауға, мемлекеттің Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, өзімнің барлық іс-әрекетімде заңдылық пен әділеттік, азаматтық, ұлтаралық және конфессияаралық татулық принциптерін ұстануға, Қазақстан халқына адал қызмет етуге, өз елімнің мемлекеттілігі және дүниежүзілік қоғамдастықтағы беделін көтере беруге ант етемін, – деді су жаңа министрлер.