Министрлер мен әкімдердің балалары әскерге неге бармайды?
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов министр мен әкімдердің балаларын әскерге жіберуді міндеттеуді ұсынды, деп хабарлайды Uaqyt.info.
“Сіз статистикаңызда әскерге 90 пайыз ауылдың жастары келеді деп айттыңыз. Осы уақытқа дейін министрдің, әкімнің баласы әскерде жүр дегенді естімеппін. Әрине, қателесуім де мүмкін. Осы заңның аясында жоғары лауазымды тұлғалардың өздерін не балаларын екі айлық әскери дайындыққа міндеттейтіні туралы нормаларды ұйымдастыруға бола ма?” – деді депутат.
Ринат Зайытовтың бұл сауалына қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов былай деп жауап берді.
“Балаларын әскерге өздері жіберіп жатқандар, бұл туралы ашып айта бермейді. Патриоттық сезім мұнда (жүректе – ред.) болуы керек, көз алдаушылықпен емес. Мысал келтіре аламын, бұрынғы ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов өзінің жиендерін өз қолымен әскерге жетектеп алып келген болатын. Сенатор Құлмұхаммедтің баласы беделді оқу орнын бітірсе де, әскерде шұғыл қызмет көрсетуден өтті. Шабуыл десанты бригадасынан бастады, қазір де АҚШ-та әскери мектептің курсанты болып жүр. Бұл керемет емес пе?! Сондықтан арнайы шенеуніктердің балаларына арнап осындай норма жасау ақылға қонымсыз. Заң барлығына ортақ”, - деді Руслан Жақсылықов.