Мобилографсыз келген актер: Санжар Мәди Құлсарыда құм тасып жүр
Танымал актер Санжар Мәди қол ұшын созуға Құлсарыға арнайы келген, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бірақ актердің сонда жүргенін ешкім білмепті. Өйткені өнер иесі бет-ауыз тұмшалап алып, өзінің келгенін жарияға жар салмаған.
Оның су басқан аймақта жүргенін қасындағы әріптестері біліп, кейіннен адамдар онымен суретке түсе бастапты. Бұл туралы журналист Азамат Әбілқайыр жеке парақшасында жазды.
“Санжар Мәди деген актер бар. Сол Құлсарыға барады. Бет-аузын тұмшалап, күнге арналған қара көзілдірігін тағып, кепкасын бастыра киіп жағалауда құм тасып жүрген көптің арасына қойып кетеді. Осылай бола берер еді. Бірақ өзімен бірге барған әйгілі Nomad Stunts-тің жігіттерінің бірі «Санжик те келді. Иә, иә, кәдімгі Санжар Мәди» деп телефоннан айтып қалады. Актердің атына қанық сол жердегі жас волонтерлердің бірі мұны естіп қалып, кейін актермен жастар жаппай суретке түсе бастайды. Бір-екі күн бойы әлеуметтік желіге фото-видео салмай, елмен бірге құм толы қапшықты тасып, үнсіз жүре берген Санжар сосын барып желіге шығады. Онда да «Рух», «Біз біргеміз», «Менің қазағым» деген ән қойылған видео емес, топырақ тасып, құм үйіп жатқан «простой стористер». Көпшілік Атырау, Құласарыға жеке мобилографтарымен келіп жатқан жұлдыздар секілді Санжар Мәдиді де солай жүреді деп ойласа керек. Актердің мұнысына таңқалып жатыр”, - деп жазды журналист.