Monday, 25 November,2024

Мойынқұм ауданында 8 млн-ға тұрғызылған көпірді бір жылға жетпей су шайып кетті

Uaqyt.info
Фото Коллаж/uaqyt.info

Жамбыл облысының Мойынқұм ауданындағы Қарабөгет ауылының тұрғындары бас көтерді. Олар 8 ай бұрын 8 миллион теңгеге тұрғызылған су жаңа көпірдің сапасыз салынғанына наразы, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Бір жылға жетпей қирап қалған көпірдің мәселесін Мойынқұм аудандық мәслихатының депутаты Бекболат Өткелбаев өзінің Youtubе-тегі арнасында жариялады. Онда 8 ай бұрын тұрғызылған көпірдің суға кеткенін көруге болады. Ал Қарабөгет ауылының тұрғындары көпірдің сапасыз салынғанына наразы.

“Көпірді салуға 8 миллион теңге бөлінді. Қалай салынғанын көзіміз көрді. Ары кетсе, құрылыс жұмыстарына 800 мың теңге кеткен шығар. Су жіберіп еді, шайып кетті. Бізге жаңа көпір салып берсін, - деді ауыл тұрғындары.

Бекболат Өткелбаевтың айтуынша, суға кеткен көпір тек бұл ғана ауылда емес, Мойынқұм ауданындағы бірнеше ауылда жағдай осындай. Сапасыз салынғандары қирап қалған, ал енді тұрғызылып жатқандарының ешқайсы құрылыс талаптарына сай келмейді.

“Мынау Байбарақта салынған шлюз. Бұл жерде де құрылыс жұмыстары дұрыс жүргізілмеген. Бетон қабырғалардың арасында ешқандай байланыс жоқ. Арматуралар тоқылмаған. Ертең су келетін болса, мынау қирап қалмайтынына кім кепіл? Осыны қабылдаған кезде тиісті мамандар қайда қарап отырды? Көшедегі біреулер тендер ұтып алып, қолдан келмесе де істей беру деген не сұмдық? Халықтың ақшасын суға ағыза береміз бе сонда?”, - деді Бекболат Өткелбаев.

Әзірге бұл мәселеге қатысты аудан басшылары тұшымды жауап берген жоқ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұсынылатын