Мойынқұмдық кәсіпкер балаларға естен кетпес мереке сыйлады

Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданында 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай ерекше мерекелік іс-шара өтті. Ол күні жергілікті кәсіпкер Бекболат Өткелбаев үш мыңнан астам балаға балмұздақ таратып, батутта ойнау мен бассейнде шомылуды тегін ұсынды, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Кәсіпкер әрі депутат Бекболат Өткелбаев мұндай игі шараны жылда ұйымдастырады. Ол өз дүкенінің алдында қуаныш сыйлау акциясын биыл да жасады. Бұл жолы ол үш мыңнан астам балаға тегін балмұздақ таратып, ойнау алаңының есігін айқара ашты. Оның айтуынша, балалық шақ – алаңсыз әрі қуанышқа толы болуы тиіс.
“Балалар – біздің болашағымыз. Сондықтан қолдан келгенше, оларға жағдай жасап, қуаныш сыйлай алсақ –үмітіміздің ақталғаны. Мұндай іс-шараны біз жылда ұйымдастырамыз. Осы арқылы өзге де кәсіпкерлерге үлгі көрсеткіміз келеді. Балалар мерекесі құтты болсын! Әр шаңырақта бала күлкісі кетпесін”, - деді Бекболат Өткелбаев.
Айта кетейік, Кәсіпкер әрі депутат Бекболат Өткелбаев тек қайырымдылықпен ғана емес, өз өңірінің мәселесін жиі көтеріп, өзекті бастамалардың қашан да басында жүреді. Соның арқасында Мойынқұмдағы көптеген кезек күттірмейтін мәселе дер кезінде шешімін тапқаны көз қуантады. Мойынқұмдық азаматқа алдағы уақытта да осы жүрісінен жаңылмай, ел игілі үшін қызмет ете беруін тілейміз!