Мұхтар Жәкішев халықты тонаған утиль алымына қатысты пікір білдірді
«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының экс-басшысы Мұхтар Жәкішев елдегі утиль алымына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Утиль алымына қатысты елімізде жағымсыз пікір өте көп. Тіпті өңір-өңірде осыған қатысты наразылық акциялары да өтті. Айта кетейік, Қазақстан бойынша утиль алымға қарсы 300-ге жуық топ бар екен. Олар қанша қарсылық танытқанымен діттеген нәтижеге қол жеткізе алмай келеді.
Халықтың бас уайымының біріне айналған утиль алымына қатысты белгілі кәсіпкер Мұхтар Жәкішев те пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл жобаның бастауында Ресей тұр.
“Утиль алымы дегенді ең бірінші Ресей ойлап тапты. Ресей Дүниежүзілік сауда ұйымымен келісімге келгенде, автокөліктерге кедендік салық 15 пайыздан аспауы керек дегенге қол қойған. Осыдан кейін ол елге жан-жақтан көліктер қаптап келе бастады. Ал сол елде шығарылатын ВАЗ, Лада көліктеріне сұраныс күрт төмендеді. Осыдан кейін ел билігі утиль алымы дегенді шығарады. Олар осы арқылы көлік шығаратын зауыттардың шығынын жапқысы келді. Кейіннен бұл жобаны Қазақстандық автопромды реттейміз деген желеумен біздің елге әкелді. Олардың халықты қалай тонағанын бәріңіз жақсы білесіздер”, - деді Мұхтар Жәкішев.