Saturday, 23 November,2024

Мұз астына кеткен көлік: Қарағанды облысында балықшы суға батып кетті

Uaqyt.info
Фото Видеодан кадр

Қарағанды облысында балықшы көлігімен бірге суға батып кетті. Мұз жарылғанда көлікте үш адам болған. Оның екеуі аман қалғанымен, көлікте қалған балықшы сол күйі табылмады. Бұл туралы облыстық ТЖД мәлімдеді, деп хабарлайды Uaqyt.info.

“2024 жылғы 3 ақпанда сағат 02-16-да Осакаров ауданы Молодежный кентінен 10 шақырым жерде Қ.Сәтбаев каналының № 10 ГЭС-нен балық аулау кезінде «Renault» жеңіл көлігі мұз астына құлап кеткені туралы хабарлама келіп түсті, көлікте 3 адам болған, 2 адам өз бетімен шықты, медициналық көмек қажет болмады. ТЖД күшімен 1985 жылы туған үшінші азамат іздестіруде”, - делінген ТЖД хабарламасында.

Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға көліктерімен мұзға шықпауға кеңес береді.

“Ешқандай жағдайда көліктермен мұзға шықпаңыз! Өзіңізге және жақындарыңызға қамқорлық жасаңыз. Балық аулау қатаң белгіленген жерлерде жүзеге асырылады, өйткені бұл орындар балық аулауға қауіпсіз. Қаныш Сәтбаев атындағы Канал тек балық шаруашылығы су қоймасы ғана емес, ауыз сумен жабдықтау көзі болып табылады, каналда мезгіл-мезгіл су айдау жүргізіледі, нәтижесінде су мұзды жуады, мұздың жұқа учаскелері мен жарықтар пайда болады.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 412-бабына сәйкес су айдындарында қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін айыппұл қарастырылған”, - делінген ақпаратта.

Ұсынылатын