Наурыз мерекесі биылдан бастап 10 күн тойланады
ҚР мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаев президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстанда Наурыз мерекесі реформаланғанын жеткізді, деп хабарлайды Uaqyt.info.
"Оның мәні мен мазмұнын байыту үшін жыл сайын 14-23 наурыз аралығында өтетін "Наурызнама" онкүндігін жариялау ұсынылды. Сондай-ақ еліміздің барлық өңіріне наурыздың бірыңғай логотипі бекітіліп, жолданды. Тарихи тұрғыдан жаңа жылды тойлау 8-9 күнге созылып, "Наурызнама" деп аталды”, – деді Сәбит Барлыбаев ОКҚ брифингінде.
Мерекелік онкүндік былай жоспарланған:
14 наурыз – Көрісу күні, Амал мерекесі. Бұл күні қол алыса, құшақтасып амандасу әдетке айналған. Бұл дәстүр елдің батыс аймақтарында сақталған. Бүгінде мерекені барлық өңірде атап өту ұсынылды. Бұл – құрметті және ерекше дәстүр.
15 наурыз – “Қайырмалдық күні”. Бұл күн бүкіл ел бойынша қайырымдылыққа, мейірімділікке және тату көршілікке бағытталған. Осындай акциялар мен іс-шараларды өткізу қоғамға қайырымдылық мәдениетін сіңіруге, жанашырлық пен өзара көмек құндылықтарын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
16 наурыз – "Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні". Бұл күн біздің мәдениетімізді, өнерімізді және ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға арналған, республика бойынша түрлі іс-шаралар өткізу жоспарлануда.
17 наурыз – "Шаңырақ күні". Бұл күні үлгілі отбасыларға, адамгершілік тәрбие мәселелеріне арналған отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған мәдени іс-шаралар өтеді.
18 наурыз – Ұлттық киім күні. Бұл күні еліміздің барлық өңірлерінде ұлттық киімімізді дәріптеуге бағытталған түрлі іс-шаралар өтеді.
19 наурыз – Жаңару күні. Бұл күні көктемгі ағаш отырғызу дәстүрін жалғастыру ұсынылды.
20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Бұл күні барлық өңірлерде ұлттық спорт түрлері бойынша түрлі жарыстар мен турнирлер өткізіледі ат жарыстарына (бәйге, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу), аң аулау жарыстарына (құсбегілік), сондай-ақ әртүрлі ұлттық турнирлерге (тоғызқұмалақ, асық ату, садақ тарту) қатысуға болады.
21 наурыз – Ынтымақ күні. Бұл күннің мақсаты жалпы адамдар бір-біріне деген құрметті арттырып, бейбітшілік пен бірлікті насихаттау.
22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні еліміздің барлық өңірлерінде стильдендірілген этноауылдар орнатылып, жалпыұлттық мәдени-спорттық іс-шаралар, түрлі жәрмеңкелер өткізіледі.
23 наурыз –Тазару күні. Жаңа жылды жаңа мақсатпен және жаңа үмітпен қарсы алудың символы "Наурызнамның" соңғы күні тазару күні болмақ. Бұл күні Қазақстанның барлық өңірлерінде жалпыұлттық экологиялық акция өтеді.