Sunday, 24 November,2024

Назарбаевтың яхтасы кімге керек болды? Ұлттық компания өз атынан алып кемені 488 миллионға сатып алған

Алмас Абылай
Фото Protenge

"Қазмұнайгаз" Ұлттық компанияның еншілес кәсіпорны Назарбаевтың яхтасын сатып алған. Ол үшін бюджет қаржысынан 488 миллион теңге бөлініпті, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Бұл туралы Protenge Telegram-арнасы жазды. Ондағы дерекке сүйенсек, Санкт-Петербургте орналасқан яхта 2007 жылы "Қазтеңізкөлікфлоты" ұлттық кеме қатынасы компаниясы ("Қазмұнайгаздың" еншілес кәсіпорны) 488 миллион теңгеге сатып алған "Нұртау" яхтасы екені белгілі болды.

Бұл жерде басты мәселе мұнай мен ірі жүктерді тасымалдайтын ұлттық компания неліктен кәдімгі қыдыруға арналған яхтаны сатып алған деген сауалда. Өйткені бұл яхта мұнай тасымалдауға жарамсыз.

Алайда "Қазтеңізкөлікфлоты" мекемесі бұл сұрауға жауап беруден бас тартқан. Сондай-ақ Бас прокуратура мемлекеттік компанияның серуендеу яхтасын сатып алуға құқығы бар-жоғын және бұл яхтаның не үшін қажет екенін тексеру туралы сұраққа жауап берудің орнына өтінішті "Самұрық-Қазынаға" (ҚазМұнайГаздың негізгі акционері) бағыттаған.

Осылайша миллиондаған ақшаның нақты мақсаты белгісіз күйінде қалып отыр. Бұған әзірге жауап берер билік жоқ.

Ұсынылатын