Назарбаевтың жүрегін жаулаған журналист кім?
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевты Абылай ханнан асыра мақтаған сенатор Нұртөре Жүсіп туралы журналист әрі жазушы Сансызбай Молдажановтың жазбасы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Uaqyt.info.
“Сенатор Нұртөре Жүсіп бүгін әлеуметтік желіге осы суретті салып, төбесіне «Шерағаң бастап, біз қостап!..» деген жазба қалдырыпты.
Нұрсұлтанды Абылай ханнан асырып барып астаналық болып кеткен жорналшының бұл сөзіне күлсеңіз, Сіз күлген шығарсыз. Ал мен күлмедім, керісінше, сүйсіндім. Өйткені «біздің» ар жағында түсінген кісіге әжептәуір адамгершілік жатыр. Мәселен «Шерағаң бастап, мен қоштап!..» десе де, кімнің қандай дауы бар?! Сурет сенатордың сөзін құптап тұр. Фототілші көздеген бағытпен тіктеп қарасаңыз, расында, Шерағаңның дәл артынан екі көзі дөңгеленген жап-жас Нұртөрені көресіз.
Енді осы суретпен Нұртөре Жүсіп көпке не айтқысы келді деген бір сауал туады. Қалай ойлайсыз, шынымен не айтқысы келді? Жүз адам жүз түрлі жорамал жасап, мың түрлі пікір айтуы мүмкін. Біздіңше, Нұртөре Жүсіп осы бір тарихи сурет арқылы Шерағаңмен жақындығын ұмытшақ қазақтың есіне салып қойғысы келген сияқты. Мұнысы дұрыс енді. «Шерағаңның шекпенінен шықтық» дейтін жорналшылардың қатарында Нұртөренің де жүруі заңды.
Бір қызығы, өзі де қазақ болған соң ба, қайсібір жақсы адамдармен жақындығын жариялап отыруды ұмытып кетеді, бұл кісі. Әлде керісінше, жасырын ұстағысы келе ме? Орайы келіп тұрғанда, осыған бір мысал келтіре кетейік.
2013-2014 жылдары болуы керек, «Жас Алаш» редакциясында ертеңгілік лездеме өтіп жатқан. Негізгі мәселенің бірі – алда келе жатқан Алтынбек Сәрсенбайұлының туған күні қарсаңында қандай материалдар береміз деген сауал төңірегінде өрбіді.
- Курстастарымен сөйлесіп, әдемі бір дүние дайындайын, - дедім мен.
- Өй, олар айтпайды, - деп Әбекең (Ә.Меңдеке) быж ете қалды.
- Неге айтпайды? Саясатқа соқтықпай-ақ қойсын, студент кездеріндегі қызықты оқиғаларын айтсын. Онда тұрған не бар?!
Әбекең басын шайқады. – Айтпаса, айтпайтындарын біліп жүрейік те, - деп мен де қоймаймын. Рысбек аға үндемеді. Үндемегенін «өзің біл» дегені шығар деп ұқтым. (Бұған Сәлима апай мен Асылхан ағадан бастап сол кездегі ұжымның бәрі куә)
Сонымен біссіміллә деп Шамшидин Паттеев ағамыздың нөмірін тердім. Байланыс аясынан тыс жерде болып шықты. Жүсіпбек Қорғасбек көкемізге қоңырау шалдым. Алды. Біршама әңгімелестік. Мән-жайдың бәрін ұққаннан кейін «Осыған мені қинамай-ақ қойсаңдар қайтеді, түсінесіңдер ғой» деді. Түсіндім дедім. Құдай бар, түк те өкпелеген жоқпын. Уақытын бөліп, әңгімелескеніне, қыл аяғы ыңғайсыздана отырып түсіндіргеніне дейін разы болдым.
Нұртөре Жүсіп ол кезде «Айқынның» бас редакторы болатын. Бұрын сонда істеген соң, бәрі таныс. Хатшы қыз бірден бастығына қосып берді. Аман-саулық, Алтынбек, сол кездегі алтын кезеңдер, жастық шақ... осының бәрін тізбелей келіп, бұйымтайымды айттым. Ал Нұртөре не деді дейсіздер ғой? Айтсам, сенбейсіздер-ау, ештеңе де деген жоқ, телефон тұтқасын тастай салды.
Мұны басқадан күтсем де, Нұртөреден күтпеппін. Алтынбек Сәрсенбайұлы Ақпарат министрі кезінде «Жас Алашқа» бас қылған қандыкөйлек досы ғой. Жазуының өзі қандай! «Мен кеттім» деп мақала жазып, газеттен кеткенде, оқырман ретінде іші удай ашыған жанның бірі мен болатынмын. Содан кейін бе, жорналшының әлгі қылығын қорыта алмай көпке дейін қиналдым. «Жаңағым қалжың ғой, «Мен келдім» деп кабинетке кіріп келер ме екен деп те қиялдадым. Сөйтіп, өз қолымен бірер абзац бірдеңе жазып берер, не бопты, деп те ойладым. Қайдағы?
Тұтқаны тастай салудың төркінін көп ұзамай түсіндік. Сөйтсек, Нұртөре Жүсіп Нұрсұлтанның Абылай ханнан қай тұста, қалай асып кеткенін зерттеуге бар зейінімен кірісіп кеткен кезі екен ғой. Сондай ұлы дүниемен шұғылданып жүрген кісіге әлгіндей баланың сұрағын қойған өзімнің деңгейімді ойласам, әлі күнге бетімнің оты шығады.
Ұмытпасаңыз, жоғарыда мен Нұртөреге сүйсіндім дедім. Бірақ бірден айтайын, бұл кісінің зерттеушілік хәм сұңғылалық қасиетіне бірінші болып сүйсінген адам Нұрсұлтан Назарбаев болатын. «Бір кезде Абылай хан бабамыз үш жүздің басын қоса алмай...» деп басталатын тарихи салыстырмасын судырата жөнелгенде, Нұрсұлтанның кәрі жанары Тұзкөлдің шалшығындай суланып кеткен-тұғын. Сол суланудың соңы зерттеуші-жорналшыны Сенаттан бір-ақ шығарды.
Бірақ сенатор екенмін демей, әлеуметтік желіге әр-әржерден суыртпақтап сурет салып отырған Нұртөренікі – білгендік. Өйткені өткенді ұмытуға болмайды. Ұмытқандар болса, есіне салып қоюдың ерсілігі жоқ. Енді бұл кісі бір күні жарқ еткізіп, Алтынбекпен түскен суретін салып кеп жіберсе, жалпақ жұрт жабыла сүйсінгелі тұр. Ол мүмкін бе? Неге мүмкін емес. Заманның күнде өзгеріп жатқаны мынау. «Абылайдан асқан Нұрсұлтан» туралы зерттеу ескірді. Тек сүйсінуге дайын жүріңіз. Ал Нұртөре Жүсіп кімді қай кезде сүйсіндіруді жақсы біледі”, - деп жазды Facebook-те Сансызбай Молдажанов.