Saturday, 27 April,2024

Өлтіріп кетемін: Гүлмира Әбіқай әлімжеттік көрсеткен қыздардың әлгі бойжеткендерді қайта қорқыта бастағанын мәлімдеді

Алмас Абылай
Фото Ашық ғаламтордан

Интернетте бірнеше қыздың жабылып жалғыз бойжеткенге әлімжеттік көрсеткені, бұл масқаралыққа шыдамаған жәбірленушінің балконнан секіріп кеткені жұрт жағасын ұстатқан. Полиция бұл іске қатысы бар деген Айко есімді күдіктіні ұстаған. Бірақ оның айналасындағы өзге қыздар әлгі таяқ жегендерді қайта қорқытып жатқан көрінеді, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай жазды. Сөзінше полиция іске әлі де мұқият емес.

"2 айда өрімдей 2 қыз басын ажалға тігіп көп қабатты үйдің терезесінен секірді. Алғашқысы Алматыда болды, бірақ ақпарат кеш тарады. Жапа шеккен қыз, өз-өзіне келіп басынан өткен оқиғасын өзі баяндамаса мұндай сұмдықтан қоғам бейхабар қалар еді. Ұрып, ақша-киім бопсалап, счетчикке қадап, ай сайын "салық төлеткізіп", жоқ десе жезөкшелікке жігіттерге сатамыз деп қорқытатын қыздар кім? Қыздар демесең қылығы қылмыс. Әрқайсының кәмелет жасқа толып кеткенін ескеріп полиция жалғыз Айконы емес оның жан құрбы серіктестерір де жазаға тартсын", - деп жазады журналист.

Сонымен қатар терезеден секіруге оқталған қыздың есімі Д. жасы небәрі 16-да екеніне де тоқталады. Әрі полицияның күдікті деп тек бір қызды ғана ұстағанына қарсы екенін жазған.

"Мұндай жаста шексіз өмірді сүюдің орнына неге өлімге бас тікті? "Жазира, Айко, Маржан мені қорқытты, ұрып-соғамыз деді. Қасыңа бір қызды қосамыз, жезөкше боласың" деді. Мұның бәрін видеоға түсіріп тұрды. Оқиға Маржанның үйінде болды. Мен одан да өлтіре салыңдар, мен әлі қызбын" деп балконға жүгірдім. Бар ойым былғанғанша бір өлім дедім. Енді мені Маржан "өлтіріп кетемін" деп қорқытуда, жазба жіберіпті" деп жазған жәбірленген қыз. Байқасаңыз, видео соңына нәресте көрінеді, қатыгездік арасында бөпе неге жүр? Орамалды қызды тізерлетіп бопсалаған да осы Маржан", - деп күйінеді ол.

Сонымен қатар Гүлмира Әбіқай Шымкентте 5-ші қабаттан секірмек болған қызды полиция құтқарып қалды деген ақпаратты да сынға алады. Ол жерде салдарымен емес, себебімен күресуді полицияға үйрену керек деп отыр.

"5-ші қабатта кондиционер үстінде отырған қызды көріп тұрғындар полицияға хабарлады. Тұран аудандық 3 инспекторы қызды өлімнен құтқарды. Өздері "Бойжеткен жеке бас проблемасына қатысты осындай шешімге келген, райынан қайтардық. Антқа адал болып, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету біздің жұмыс" деп марқайды. Ал, шындығында солай ма? Енді перденің ішіне үңілейік. Байқасақ бойжеткен өздігінен секірейін деп тұрған жоқ. Оны мәжбүрлеп тұр: не жезөкше болып сатыласың, не бізге ай сайын ақша бересің деп талап еткен бопса. Мына видеоға түсіп қалған, түсіріп тұрған өзге қыздар неге жазасыз қалды? Адамды өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізген күдіктілердің бәрі заңды жазасын алуын талап етеміз! Істі махаббатпен байланыстырып жылы жауып қойған 3 инспекторға да қатысты қылмыстық іс қозғалуы тиіс", - деп қорытындылаған жазбасын.

Ұсынылатын