“Өмір иірімі”. Танымал ақын шығармашылық кешінде пәтер ойнатпақ
Белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Гүлсім Сатыбалдының “Өмір иірімі” атты жаңа кітабы жарық көрді. Ақын 14 қарашада Алматыда өтетін шығармашылық кешінде оқырмандарына тосын сый даярлап отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, бағалы сыйлықтарға тек “Өмір иірімі” кітабын сатып алғандар ғана қол жеткізе алады, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Тек әншілер мен блогерлер ғана емес, қазір әдебиет өкілдері де ұтыс ойындарын ойната бастады. Танымал ақын Гүлсім Сатыбалды өзінің шығармашылық кешінде бағалы сыйлықтарды ұтысқа қойған. Байқаудың шарты оп-оңай. Алматының қақ ортасынан екі бөлмелі пәтер, Умраға екі адамға жолдама және өзге де бағалы сыйлықтарға ие болу үшін ақынның соңғы шыққан кітабын сатып алсаңыз жеткілікті.
“Кітап сатылымға шықты. Кітап алған оқырмандарымның арасынан жақсы сыйлықтар даярлап отырмыз. Бұйырса, 14 қараша күні өзімнің шығармашылық кешім Алматы қаласы Жамбыл атындағы филормонияда өтеді. Сол кеште шығармашылық кештен кейін оқырмандардың арасынан сыйлық ойнатылатын болады. Бұл ұтысқа – Алматы қаласынан екі бөлмелі пәтер және Умраға екі жолдама тігіп отырмыз”, - деді Гүлсім Сатыбалды.
Ақынның айтуынша, байқау басталғалы бері сенімсіздік танытқандар көп болған. Тіпті арасында үйдің жарты ақшасын ұсынып, екі бөлмелі пәтерді оңай олжалағысы келгендер де табылыпты. Бірақ Гүлсім Сатыбалды арам ойы барлардың бәріне “жоқ” деп жауап берген.
“Біз адамнан қорықпасақ та Алладан қорқамыз. Бұл байқауды халыққа көмектесу мақсатында, бір мұқтаж жанға көмектесу мақсатында ұйымдастырып отырмыз. Қалаға келгенде пәтерден қиындық көрген едік, бір адамды болса да қуантайық деген ниетпен осы шығармашылық кешті бастадық”, - деді ақын.
Сатыбалды Гүлсім Қуандыққызы 1978 жылы Түркістан облысының Мақтарал ауданындағы Өргебас бөлімшесінде дүниеге келген.
1985-1995 жылдары өзі туып өскен Қ. Аманжолов атындағы орта мектепте оқыған.
1996 жылы тігінші курсы, 1996-1998 жылдары Жетісай қаласындағы педагогикалық колледжін, 1998-2002 жылдары “Сырдария” университетінде қазақ тілі мен әдебиет мамандығын, ал 2013-2015 жылдары ҚазҰПУ магистратурасын бітірген.
Қызметтік жолын Қ. Аманжолов атындағы орта мектептен бастаған. Қазір Алматы қаласының Медеу ауданындағы әкімшілікте әлеуметтік саласында қызмет істеп жүр.
Ақынның “Қоштасқым келмейді”, “Сәулелі жұлдыз”, “Табиғаттың тылсымы”, “Өмір иірімі” атты бірнеше кітабы бар.
Гүлсім Сатыбалды ҚР Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі, “Ұлт мақтанышы” медальінің иегері.