Өнері озық елдің өрісі кең болады – Дулат Тастекей
TAS GROUP компанияларының басшысы, белгілі меценат Дулат Тастекей “Адырна” ұлттық порталының ютуб арнасына сұхбат берді, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Сұхбат барысында Дулат Тастекей қазақ тілінің мәселесіне ерекше тоқталып, айтыс өнерінің қыр-сырына қатысты тың мәліметтермен бөлісті. Сондай-ақ ол кәсіпкерлік саласының қоғамға берер мүмкіндіктері туралы айтып, қазақты тығырықтан алып шығатын бірнеше факторды атап өтті.
“Руханият пен мәдениет халықтың рухы мен жанының айнасы. Өнері озық елдің өрісі кең болатынына мен сенемін. Бұл жай ғана ғапыл сенім емес. Бұл әлемдік тәжірибеде алдыға озған мемлекеттердің өзінің әдебиетіне, мәдениетіне, руханиятына қандай көңіл бөліп жүргендігін көргеннен кейін айтып отырмын. Біз білімді қоғам қалыптастыруымыз керек. Өйткені білімді адам өзін де алға сүйрейді және мемлекеттің де алдыңғы шепте болуына ықпал етеді. Сондықтан адами капиталды дамытуға әуелі мәдениет, әдебиет пен руханият әсер береді. Осы факторларды біз дамытуымыз керек. Біз осы жолда жұмыс істеп, қолдан келгенше қолдап жатырмыз”, - деді Дулат Тастакей.