Friday, 22 November,2024

Оңтүстік Кореяға заңсыз кірген екі қазақстандық тергеу абақтысында отыр

Uaqyt.info
Фото pixabay

Оңтүстік Кореяға заңсыз жолмен кіреміз деп істі болған екі қазақстандық Инчхондағы тергеу абақтысында отыр, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, ұсталған екі азамат Инчхонның тергеу абақтысында бірнеше ай отыруы мүмкін. Өйткені Оңтүстік Кореяның заңы бойынша, тергеу амалдары 3 айға дейін созылуы мүмкін.

«2023 жылғы 24 наурызда Инчхон әуежайында паспорттық бақылау өту барысында Ташкенттен келген 2 Қазақстан азаматына Оңтүстік Кореяға кіруге бас тартылды. Олар депортациялауды күту үшін арнайы бөлмеге орналастырылған. Алайда отандастарымыз түнде қашып, Оңтүстік Корея аумағына заңсыз кірген. 26 наурызда бір Қазақстан азаматы ұсталды, ал 29 наурызда екінші қазақстандық кінәсін мойындап, полицияға өз еркімен берілді»,- деді Айбек Смадияров.

СІМ ресми өкілі қамауда отырған азаматтар туған-туыстарымен үнемі байланыста отырғанын жеткізді. Сондай-ақ ол Оңтүстік Кореяға жұмысқа бару үшін арнайы визаның болу керектігін ескертті.

«Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы елшілігі жергілікті құқық қорғау органдары және ұсталған қазақстандықтардың туыстарымен тұрақты байланыста. Естеріңізге сала кетейік, Корея Республикасында жұмыс беруші рәсімдейтін арнайы рұқсат пен визаның болуы негізінде ғана жұмыс істеуге болады. Жұмысқа тұрудың басқа жолдары заңсыз екенін ескертеміз», - дейді СІМ ресми өкілі.

Ұсынылатын