Saturday, 23 November,2024

Оқу ақысы 100 мың теңге: Түркікстанда тұрғын үй ауласында балаларға заңсыз діни сабақ өткізген

Алмас Абылай
Фото Polisia.kz

Түркістан қаласының тұрғыны үй ауласында балаларға заңсыз діни сабақ өткізген. Тіпті 70-ке жуық баладан 100 мың теңге мөлшерінде ақша алыпты, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Polisia.kz медиа-порталының дерегіне сүйенсек, діни сабақ берген ер адамды Түркістан облысы ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы мен Түркістан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері бірлесіп, жедел іс-шаралар өткізу барысында анықтаған. Күдікті кәмелетке толмағандарға заңсыз діни сабақ берген. Яғни, Түркістан қаласының тұрғыны үйінде 5 жастан 17 жасқа дейінгі 68 балаға сабақ беріп, діни уағыздарды заңсыз өткізген, ал оқу ақысы 100 мың теңгені құраған.

"Күдіктінің мекенжайы бойынша тексеру жүргізу кезінде 68 бала діни бағыт бойынша сабақ алғаны расталды. Сондай-ақ оқушылар арасында Түркістан ғана емес, Абай, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстары мен Өзбекстан Республикасының балалары да білім алғаны анықталды. Оған қоса полицейлер жергілікті тұрғынның үйінен сараптамаға бағытталған 100-ден астам діни сипаттағы кітаптарды тәркіледі", - делінген ақпаратта.

Ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабы 3-бөлігі (Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Түркістан облысының полицейлері азаматтарға заңсыз діни қызметпен айналысқаны және діни әдебиеттерді таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.

Ұсынылатын