Орманға өртті Ресей қойып отыр – Дос Көшім
Абай облысындағы орман өрті әлі өршіп тұр. Алапат өрттен 15 адам қаза тауып, 60 мың гектардан астам жер күлге айналды. Uaqyt.info тілшісі төтенше жағдайға байланысты белгілі саясаткер Дос Көшімнің пікірін білді. Оның айтуынша, орман өртіне көрші мемлекеттің қатысы бар.
Uaqyt.info: Абай облысындағы өртке байланысты Президент Төтенше жағдайлар министрін орнынан кетірді. Бұдан бөлек орман өрті өршіп тұрған Бородулиха ауданының әкімі де ауысыпты. Төтенше жағдай кезінде кадр ауыстыру қаншалықты дұрыс?
Дос Көшім: Менің ойымша, бұл жерде президент өзінің кез келген жерде нақты және тез арада шешім қабылдай алатынын халыққа көрсеткісі келіп отыр. Бір жағынан бұл дұрыс, бір жағынан халыққа жасаған көзбояшылығы деп түсінуіміз керек.
Uaqyt.info: Басшылықтың орны ауысқанымен, мәселе шешіледі деп ойлайсыз ба?
Дос Көшім: Жаңадан қызметке келген адамдар қызметінен босаған басшылықпен бірге істеген, соның қарамағында жүрген адамдар болатын болса, онда ешнәрсе өзгермейтіні айдан анық. Өйткені оның жұмыс істеу тәсілі тура сондай. Демек, ол жерге жаңаша ойлайтын, басқаша шешім қабылдайтын адамдар керек. Егер сондай адамдар келсе, онда құба-құп. Онда Президент дұрыс қадам жасады. Өкінішке қарай, бізде Мамин кетті, оның орнына Смайылов келді. Ал Әлихан Смайылов Асқар Маминнің орынбасары ғой. Еш нәрсе өзгерген жоқ. Біздегі ең үлкен өкінішті мәселе осы. Сондықтан бір адамды орнынан алып, оның орнына басқа адамдарды қойып жатқандарына қарап, пәлендей өзгеріс бола қояды дегенге өз басым күмәнмен қараймын.
Uaqyt.info: Қызметінен кеткен шенеуніктер жауапқа тартылуы керек пе?
Дос Көшім: Егер өрт сол адамдардың жіберген қателіктерінен туындаса, онда оларды міндетті түрде жауапқа тарту керек. Бірақ өмірде техногендік, табиғи апаттар деген болады. Қылмыстық істің қозғалғаны дұрыс. Өйткені адам шығыны болды. Дегенмен бір ғана адамды жауапқа тарту деген болмайды. Адами фактор ма, табиғи фактор ма, алдымен соған көз жеткізу керек.
Uaqyt.info: Қазір ел аузында қарағайларды Қытайға сатып жіберген, қылмысты жабу үшін орманға өрт әдейі қойылды деген әңгіме бар. Осыған қаншалықты сенесіз?
Дос Көшім: 100 пайыз солай болды деп мен айта алмаймын. Қарағайларды сату мәселесі бұрыннан бар. Оны естіп те жүрміз, білеміз. Алайда орман өрті соған байланысты шықты дегенге өз басым сенбеймін. Менің болжамым бойынша, мұның барлығының артында Ресей тұр. Мәселен, былтыр Қостанайда болған өрт, биылғы өрт, қыста жылудың болмауының артында Ресейді қолдайтындардың тарапынан диверсиялық саботаждың әрекетін көремін. Олар өз қолымен көсемесе де, біздегі арам-пиғыл адамдардың қолымен осы апаттарды істетуі мүмкін. Өйткені мұндай жағдай тым көп қайталанып кетті, мемлекетке үлкен шығындар келіп жатыр. Менің ойымша, мұның артында Ресей тұр. Бұл ойымды мен барлық жерде ашық айтып жүрмін.
Uaqyt.info: Сұхбатыңызға рахмет.