Wednesday, 27 November,2024

"Өз өмірі үшін қатты қорқады": Шетелге қашқан Путиннің күзетшісі тың деректерді жайып салды

Алмас Абылай
Фото Ашық ғаламтордан

Ресей Президенті Владимир Путиннің Қырымдағы саяжайын күзеткен қызметкері тың мәліметтерді айтты. Ол Украина жеріне басып кіргеннен кейін Экваторға қашып кеткен, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Азаттықтың жазуынша Виталий Брижатый есімді күзетші Путинді қылмыскер деп атап, Украинадағы соғысқа қарсы екенін мәлімдеді. Ол аннексияланған Қырымға Камчаткадан әйелімен бірге көшіп барған, бастапқыда ОМОН қызметіне, кейін федералдық күзет қызметіне кинолог-нұсқаушы ретінде жұмысқа тұрған. Ол Қырымның оңтүстік жағалауында Олива ауылындағы Путиннің саяжайын күзеткен. Путиннің саяжайының жанында Ресейдің бұрынғы президенті Дмитрий Медведев пен федералдық қауіпсіздік қызметінің жетекшісі Александр Бортниковтің саяжайлары да орналасқан.

Брижатыйдың айтуынша, Путин ешкімге сенбейді, тіпті күзет қызметкерлері де оның бар-жоғын білмейді. "Адамдарға "ол саяжайда демалып жатыр" деп айтыла салуы мүмкін. Барлығы жүгіріп, күзетіп жүреді. Ал бірақ ол басқа жақта жүрген болуы мүмкін" деді Ресей президентінің бұрынғы күзетшісі.

Оның сөзінше, Путин Қырымға келген кезде оның екі әуежайға келгені жөнінде хабарланады. Севастополь мен Симферополь әуежайларының арасы 100 шақырымнан астам. Бірақ президент ол жаққа өзге жол арқылы мысалы теңіз арқылы баруы мүмкін.

"Өз өмірі үшін солай қорқатын адам" дейді Брижатый.

Ол былтыр Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Путиннен қатты көңілі қалғанын айтты. Айтуынша, федералдық күзет қызметкерлеріне Украина, АҚШ және Еуроодақтағы туыстарымен және соғысқа қарсы шыққан кез келген адаммен сөйлесуге тыйым салынған. Ол жұмысынан кетпек болғанда басында "соғысқа жібереміз" деп қорқытып, босатпаған. Бұдан соң ол құпия түрде шетел паспортын алған. Әйелі Эквадорда білікті маман ретінде тұрақты тұру құжатын алған. Содан кейін Брижатый жұмыс берушіге өзінде де тұрақты тұру құжаты барын айтып, енді заң бойынша федералдық күзет қызметінде істей алмайтынын айтқан. Осыдан соң жұмыстан шыққан.

Оливадағы саяжай – Путиннің көпке мәлім болған Қырымдағы екінші резиденциясы. Ол жөнінде 2021 жылы Крым.Реалии сайты жазған.

Ұсынылатын