Saturday, 23 November,2024

Өзбекстанда қамауда отырған қазақстандық азаматтардың туыстары әділдік іздейді

Uaqyt.info
Фото Ашық дереккөзден

Қазақстанның үш азаматы үш айдан бері  Өзбекстанда қамауда отыр. Алматы облысындағы “Керуен” автовокзалының директоры бастаған бір топ адам жат елге келіссөздер жүргізу үшін барған, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлады.

Жат елде қамауда отырғандардың туыстары Алматыдағы Өзбекстанның бас консулдығының алдына жиналып, әділдік сұрады. Олардың айтуынша, Алматы-Нүкіс бағытындағы автобустарға байланысты келіссөз жүргізу үшін барғандар, сол жақтың азаматтарымен байланысып қалған.

Барудағы мақсат – ортадағы делдалдардың көзін жою екен. Өйткені олар Алматы-Нүкіс бағытындағы жолаушылардан билет құнының тең жарымын алып отырыпты. Ал қазақстандық азаматтар осыған тосқауыл қойғысы келіп, Нүкістегі жолаушылар тасымалына жауаптылармен тікелей касса арқылы жұмыс істеуге уағдаласқан. Бірақ бұл қадам делдалдарға ұнамай, арада шу туады.

Біздің елдің азаматтары соққыға жығылғанымен, қарсы тарап арыз түсіріп, өздерін жәбірленуші ретінде көрсетіпті. Солардың арызы бойынша, Өзбекстанның құзырлы органдары “Керуен” автовокзалының директоры Данияр Жүнісов пен оның қасындағы екі адамды қамап тастаған. Үш айдан бері жат елдің абақтысында отырған азаматтарға қатысты Сыртқы істер министрлігі әзірге жауап берген жоқ. Ал олардың туыстары мәселені әділ шешуді сұрап, билік өкілдерінен көмек сұрап отыр.

“Мемлекеттік органдағы басшылардан, азаматтардан жолдасымның аман-есен бала-шағасына оралуына көмектессеңіздер екен деп сұраймыз. Соттың әділ болуын сұраймыз. Өйткені осы уақытқа дейінгі болған тергеудің барлығы біржақты болды. Ешқандай нәтиже жоқ, -дейді туыстардың бірі.

Ұсынылатын