Павлодар облысында мал іздеуге шыққан әйел із-түссіз жоғалып кетті
Павлодар облысының полицейлері жоғалып кеткен 34 жастағы әйелді іздестіріп жатыр, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Polisia.kz медиа-порталының жазуынша, жоғалған әйел 16 сәуірде сағат 18:00 шамасында күйеуімен мал іздеуге шыққан. Бесқауға ауылынан Жаңажол ауылына қарай 25 шақырым жерде олар көлікті тастап, екі жаққа бөлінеді. Алайда, сол кеткеннен әйелі көлікке оралмаған.
Айта кету керек, бір күн бұрын ауылда ақтүтек боран болған. Әрі әйел ұялы телефонын жұбайының көлігінде қалдырып кеткені белгілі болды.
“Іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін үш техника жұмылдырылды. Төрт іздеу тобы, оның ішінде Екібастұз қаласы ПБ жеке құрамы, ТЖМ қызметкерлері және жергілікті тұрғындар іздеуді жалғастырып жатыр. Жақын маңдағы елді мекендердің дала алқабында іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Бағдарлар барлық қалалық және аудандық ПБ-ге жіберілді”, - делінген хабарламада.