Павлодарда үйіне бір камаз қоқыс жинаған тұрғын анықталды
Полиция павлодарлық “Плюшкинге” қоқыстарын тазалауға көмектесті, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Учаскелік полиция инспекторы Жәнібек Қасымхановқа тұрғындар қоңырау шалып, көршісінің пәтеріндегі қоқысты тазалауға көмек көрсетуді сұрады.
Ол Кривенко 81 көшесіндегі үйдің пәтерінде 57 жастағы ер адам тұратынын анықтады. Ер адамның бір бөлмелі пәтерде қоқыс жинайтын әдеті бар болып шықты.
- Көршімізде құбыр қатып қалды. Сондықтан үйде жылу болған жоқ. Біз оның пәтерінің есігін қақтық, бірақ есікті ашпады, - дейді көршілер.
- Әкімдікке қоңырау шалып, бұл мәселені дереу шешуді және қоқысты шығаруға жәрдемдесуді сұрадым. Әкімдік тіркемесі бар КамАЗ көлігін бөлді. Бірнеше күн бойы пәтерден қоқыс шығардық. Содан кейін сантехник құбырды жөндеп, жылуды қосты, - деді Жәнібек Қасымханов.