Павлодарда жүргізуші автобусты мас күйінде басқарған
Павлодарда мас күйде автобус жүргізген азамат 15 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Polisia.kz медиа-порталының жазуынша, 26 сәуірде сағат 07.00 шамасында Павлодар қаласының Қамзин – Теплов көшесінде Павлодар қаласының ПБ патрульдік полиция батальонының полицейлері ақырын жүріп келе жатқан автобусты тоқтатқан. Әңгіме барысында жүргізушінің алкоголь ішкені анықталды.
“Медициналық куәландыру 40 жастағы жүргізушінің мас күйінде көлік жүргізгенін растады. Автобуста жолаушылар болған жоқ. Осы факті бойынша жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлімі бойынша әкімшілік материал толтырылды. Материал сотта қаралды, жүргізуші 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды. Автокөлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды”, – деді Павлодар қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының командирі Айдар Сламбеков.