Saturday, 23 November,2024

Педагогтерді аттестаттау жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізілді

Uaqyt.info
Фото Ашық дереккөзден

Бүгінде қоғамда педагогтерді аттестаттау ережесіне енгізілген өзгерістер қызу талқылануда. Бұған дейін өңірлердегі педагогтермен кездесу барысында Оқу-ағарту министрі мұғалімдердің аттестаттаудан өтуге байланысты ұсыныс-тілектерін ескере отырып, жаңа ереже әзірленетіні туралы мәлімдеген болатын, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Министр Ғани Бейсембаевтың айтуынша, министрлік мұғалімдерді аттестаттау жүйесін жетілдіру бойынша кешенді жұмыс жүргізді, және оның ішінде портфолио қалыптастыру процесі қайта қаралды. «Аттестаттау жүйесін жетілдіруМемлекет басшысының тапсырмасы негізінде жүргізілуде. Мұғалімдердің жетістігі оқушының жетістігімен бағалануы керек. Еліміздің жетекші педагогтері — шеберлер мен зерттеушілер жас мамандар үшін үлгі болуы тиіс», - дейді Ғани Бектайұлы.

Атап айтқанда, Ұлттық платформа базасында педагог қызметінің нәтижелерін қалыптастыру процесі автоматтандырылады. Атестатталатын педагог платформадағы өзінің жеке кабинеті арқылы аттестациядан өтуге өтінімді өз бетінше бере алады, мұнда интеграциялық әдіс қолданыла отырып, мұғалімнің жеке деректері, білім алушылардың оқу үлгерімі мен білім сапасы, олимпиадалар мен жобалардағы нәтижелері, біліктілікті арттыру курстары, ПББ нәтижелері және т.б. ақпараттар жинақталған.

Сондай-ақ, аттестаттау тәртібінен педагогика мен оқыту әдістемесі бойынша тестілеу алынып тасталды. Педагогтің кәсіби шеберлігі тек оқытылатын пәні бойынша және ол өз санатын модератор мен сарапшы дәрежесіне көтеруге өтініш бергенде ғана бағаланатын болады.

Жоспарланған жаңа өзгерістерге сәйкес, педагогтің жоғары кәсіби деңгейі мен табысты қызметі оқушыларының жетістіктеріне тікелей байланысты бағаланады.

Айта кетейік, педагогтерді аттестациялаудың жаңартылған жүйесі 2024 жылдың қаңтар айынан бастап еліміздің төрт облысында: Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында пилоттық режимде іске қосылады. Жобаны толық іске асыру 2024 жылдың көктемінде басталады деп жоспарлануда.

 

Ұсынылатын