Friday, 22 November,2024

Петропавлда 16 жасар қызды автобус қақты

Алмас Абылай
Фото instagram.com/skopetro/

Петропавл қаласында маршруттық автобус жолдан жүгіріп өтпек болған қызды қағып кетті, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Оқиға жайлы ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Бейнежазбада жолды кесіп өтпек болған қызды автобус қаққанын, тіпті бойжеткен бірнеше метрге ұшып кеткенін байқайсыз.

Аталмыш жағдайға байланысты кейіннен полиция департаменті пікір білдірді. Дерекке сүйенсек, оқиға қаладағы Қизатов көшесінде болған. Yutong маркалы маршруттық автобустың жүргізушісі реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінен жүгіріп өтіп бара жатқан 16 жасар қыз баланы қағып кеткен.

"Медициналық көмек көрсету үшін жол-көлік оқиғасы орнына жедел жәрдем бригадасы шақыртылды. Зардап шеккен қыз бала түрлі жарақаттарымен қаладағы медициналық мекемелердің біріне жеткізілді. Yutong көлік құралы арнайы айып тұрағына қойылды. Медициналық куәландырудың нәтижелері бойынша маршруттық автобустың жүргізушісі мас емес", - делінген ақпаратта.

Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасы бойынша қажетті сараптамалар тағайындау және процессуалдық шешім қабылдау үшін полицейлер материал жинауда.

Ұсынылатын