- Басты жаңалықтар
- Қылмыс
- Петропавлда үш жасөспірім облыстық балалар ауруханасына басып кіріп, дәрігерлерді соққыға жықты
Петропавлда үш жасөспірім облыстық балалар ауруханасына басып кіріп, дәрігерлерді соққыға жықты
Солтүстік Қазақстан облыстық көпбейінді балалар ауруханасына үш жасөспірім баса-көктеп кіріп, дәрігер мен сырқат қызды ұрды. Сондай-ақ медициналық қызметкерлерге «тапанша» кезеп, қоқан-лоққы көрсетті, деп хабарлайды Uaqyt.info Kazinform-ға сілтеме жасап.
СҚО көпбейінді балалар ауруханасының директоры Нұрлан Аймановтың айтуынша, оқыс оқиға бүгін, шамамен 11.30 минут кеткенде болған. Ауруханасының негізгі есігінен 17-18 жастағы үш бозбала кірген. Олар медициналық қызметкерлердің ескертуіне қарамастан ішке өтпек болған. Олардың тоқтатуына боқтық сөз айтқан, есік алдында отырған күзетшіге қоқан-лоққы жасаған. Осылайша екінші қабатқа көтерілген.
“Айтуларынша, жасөспірімдер аяғы сынып ем алып жатқан 15 жастағы дос қыздарына келген. Оны палатадан коридорға алып шығып, кушеткаға отырғызып, басынан ұра бастаған. Дәрігерлер, медициналық қызметкерлер бозбалаларға ескерту жасады. Сол кезде 17 жастағы А. деген жасөспірім қасында отырған қыздың балдағын алып, оның үшкір басымен невропатологтың ішінен ұрған. Осыдан кейін қалтасынан тапанша алып шығып, қорқытып, боқтық сөздер айтып бірінші қабатқа түскен. Қашып бара жатып, есікке соғылып, оның әйнегін шақты. Сынған әйнек қолын кесіп, бүкіл айнала қан болды. Мұны көрген басқа балалар қатты қорқып, олардың моральдық жағдайына әсер етті. Ол екінші есікті де сындырып, пистолетпен қорқыта отырып қашып кетті”, - дейді Нұрлан Айманов.
Аурухана басшысының айтуынша, оқиға орнына шақыртумен полиция келіп, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
“Бұл біздің ауруханада болған бірінші жағдай емес, осындай төртінші оқиға. Бірақ бірінші рет тапанша кезеп, қыз бен дәрігерімізді ұрып кетті. Бұл – ақылға сыймайтын нәрсе. Сондықтан полицияға арыз жаздық.Дәрігер қазір ем алады. Медициналық қызметкерлеріміз орасан психо-эмоционалдық стресс алды. Сондықтан үйлеріне жіберілді. Ертең сот-медициналық сараптама жүргізіп, невропатолог дәрігердің денсаулығына келтірілген нұқсан деңгейі анықталады”, - дейді Нұрлан Айманов.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметі осы оқиғаға қатысты ақпарат таратты.
“23 қазан күні сағат 12:05-те Петропавл қаласының полиция басқармасына белгісіз адам медициналық персоналға тапаншаға ұқсас затпен қорқытып, Петропавлдағы облыстық балалар ауруханасының мүлкіне зақым келтірді деген хабарлама келіп түсті.
Қызметкерлер кәмелетке толмаған 17 жасар баланы анықтап, ұстады, оның сөмкесінен ойыншық тапанша табылып, тәркіленді.
Аталған факт "Бұзақылық" бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді”, - делінген баспасөз хабарламасында.
Полицейлердің айтуынша, қазіргі уақытта істің барлық мән-жайларын зерттеуге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде, олардың нәтижесі бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданатын болады.