Friday, 22 November,2024

Петропавлда жол ақысын төлегісі келмеген жолаушы автобус жүргізушісін буындырып, талдырып тастады

Алмас Абылай
Фото Видеодан кадр

Петропавлда қоғамдық көлік жүргізушісін 67 жастағы қария талдырып тастады. Ол жол ақысын төлегісі келмеген, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Бейнежазба әлеуметтік желіде тарады. Видеодан жолаушы мен жүргізушінің сөзге келіп қалғанын байқайсыз. Мұнан кейін ашуланған азамат автобус тізгініндегі жүргізушіні буындыра бастайды. Ақыры талдырып тынады.

Полицияның хабарлауынша, оқиға 8 сәуірде сағат 19:30 шамасында қаладағы №5 "М" бағытындағы автобуста болған. 67 жастағы жолаушы түсер аялдамасын өткізіп алып, кейін жолақысын төлеместен, автобус ортасындағы есіктен шығуға ұмтылады. Бірақ келесі аялдамаға жеткенде жүргізушімен жанжалдасып, бұзақылық әрекетке жол берген.

"Іс қылмыстық кодекстің 293-бабы 1-бөлігі ("Бұзақылық") бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Қазір тергеу жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Олардың нәтижелері бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады. Осы факті бойынша облыс орталығының 67 жастағы тұрғыны ұсталды", - делінген полиция хабарламасында.

Ұсынылатын