Петропавлды Ресейге қосуды сұраған әйел үш жылға қамалды
Сепаратистік әрекеті үшін Петропавл тұрғыны 3 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Солтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, әйелге ҚК 180-бабы 2-бөлігі (Телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының біртұтастығын, оның аумағына қол сұғылмауын және бөлінбеуін бұзуды насихаттау) бойынша айып тағылып, ол үш жылға сотталды.
Әу баста прокурор оған 6 жыл жаза сұрағанымен, сот әйелдің мүгедек күйеуі бар екенін ескеріп осындай жаза тағайындады. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады.
«Петропавл тұрғыны 2021 жылғы 6 қыркүйек күні шамамен сағат 22.00-де әпкесінің ұялы телефонын пайдалана отырып, бейнебайланыс арқылы әлемнің түкпір-түкпірінен пайдаланушылардың анонимді қарым-қатынасына арналған «Чат Рулетка» қосымшасына кірген. Кездейсоқ қосылу нәтижесінде бұрын таныс емес ер адаммен онлайн әңгіме бастаған.
«Чат Рулетка» қосымшасындағы бейнебайланыс арқылы әңгімелесу барысында С. кездейсоқ пайдаланушы-әңгімелесушінің сұрақтарына Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласын Ресей Федерациясының құрамына алуын өтіне бастаған. Ер адам әңгімелесуді жазып алып, сол күні жазбаны YouTube бейнехостингінде жариялады», - делінген баспасөз хабарламасында.