Пойыздағы бала өлімі бойынша арнайы комиссия құрылды
Атырау-Астрахань пойызындағы бала өлімі бойынша арнайы комиссия құрылды. 13 жастағы бала Ресей Федерациясы Железноводск қаласының маңындағы «Қазақстан геологі» санаторийіне бара жатқан, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Атырау облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, лагерьге барлығы 4 тәлімгер, 73 бала бара жатқан.
«Балалардың бірі пойыз жүргеннен кейін 1,5 сағат соң өзін нашар сезінген. Пойыз жолсеріктері жедел жәрдем шақырған. Исатай ауданындағы «Нарын» станциясына келген жедел жәрдем бригадасы баланың қайтыс болғанын анықтады. Осыған байланысты Атырау облыстық білім беру басқармасы құзырлы органдармен бірлесіп, қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын тексеру үшін комиссия құрды. Пойызда жолаушылар өздер алған тамақты ішкенін хабарлаймыз. Қазіргі уақытта баланың денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Аталған дерекке байланысты қылмыстық іс қозғалды», - деді баспасөз қызметіндегілер.
Естеріңізге сала кетейік, қайғылы оқиға 7 тамызда болған еді. 13 жастағы бала пойызда өзін жайсыз сезініп, көз жұмған болатын.