Monday, 17 June,2024

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ту көтеру рәсіміне қатысты

Uaqyt.info
Фото Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы «Атамекен» этно-мемориал кешенінде өткен Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты. Ең алдымен, Құрмет қарауылы ротасының бастығы рәсімге дайындығы жөнінде Президентке рапорт берді. Содан кейін Мемлекеттік әнұран шырқалып, Көк байрағымыз көтерілді, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жиналған қауымды мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, олар егемендік пен елдіктің ең басты белгісі екенін атап өтті.

“Көк байрағымыз, Елтаңбамыз және Әнұранымыз – күллі халқымызға қастерлі нышандар. Біз үшін тәуелсіздік – ең қымбат құндылық, ал туымыздың асқақ желбірегені – аса биік мәртебе. Батыр бабаларымыз сын сағатта әрдайым бір тудың астында жиналған.  Бөрілі байрақ күллі түркі жұртын біріктірген. Абылай ханның ақ туы бүкіл қазақтың басын қосқан. Алаш туы арыстарымыздың жігерін жанып, намысын қайраған. Біз бабаларымыздың даңқты жолын жалғастырып келеміз. Байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде тұр. Оны ғарышкерлеріміз көк жүзіне көтерді. Альпинистеріміз әлемнің ең биік шыңдарына орнатты. Спортшылар жеңіс тұғырынан желбіретіп, Әнұранымызды шырқатты. Күллі әлем Қазақ елін көк байрағына қарап танитын болды”, – деді Мемлекет басшысы.

Президент қастерлі нышандарымызды құрметтеу әрбір азаматтың перзенттік парызы екеніне назар аударып, бүгінгі салтанатты рәсімнің тағылымдық мән-маңызына тоқталды.

“Біз асыл құндылықтарымызды аяқ асты етуге жол бермейміз. Биыл мемлекеттік рәміздерді қорлаған адамдарды жазалау шаралары күшейтілді. Түсіндіру жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп жатыр. Отаншылдық мемлекеттік рәміздерді қастерлеуден басталады. Біз ұлттық нышандарымызды ұлықтау арқылы өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетеміз. Оларды отансүйгіштік, жасампаздық рухта тәрбиелейміз. Сондықтан бүгінгі салтанатты рәсімнің тағылымдық, тәрбиелік мәні айрықша”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент мемлекеттік рәміздер тарихымызды, өзіндік болмысымызды және халқымыздың жарқын болашаққа ұмтылысын айғақтайтынын атап өтті.

“Мемлекеттік рәміздерде бүкіл Қазақстан халқын біріктіретін, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайтатын құдыретті күш бар. Айтулы мерекелер мен әлемдік дүбірлі спорт сайыстарында жеңіске жеткен кезде жүрегімізде Отанға деген сүйіспеншілік оты лаулап, елімізге деген мақтаныш сезімі пайда болады. Көк байрағымыз, Елтаңбамыз және Әнұранымыз – мемлекетіміздің мәртебесі, халқымыздың ар-намысы. Олар алға қарай нық қадам басып, биік мақсаттарға қол жеткізу жолында күш-жігер береді”, – деді Президент.

Салтанатты рәсім барысында жоғары әскери оқу орындарының 12 үздік түлегі Қазақстан Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысының қолынан офицерлік шен алды.

Шара соңында Мемлекеттік күзет қызметінің, Қорғаныс және Ішкі істер министрліктерінің Құрмет қарауылы роталары Президент пен жиналған қауым алдынан салтанатты маршпен жүріп өтті.

Ту көтеру рәсіміне Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, Премьер-министр Әлихан Смайылов, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Президент Әкімшілігінің Басшысы Олжас Бектенов, мемлекеттік органдар басшылары, Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссия мүшелері, жоғары әскери оқу орындарының курсанттары мен олардың туыстары қатысты.

 

 

Ұсынылатын