Президенттің қазақ тіліне қатысты айтқан сөзі қызу талқыланып жатыр
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясы жиынында қазақ тілі туралы айтқан сөзі көптің қызу талқысына түсті, деп хабарлайды Uaqyt.info.
«Барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі саясатымыздың стратегиялық бағыты болып қала береді. Қазақ тілі – азаматтық интеграцияның тиімді құралы, мәдени-рухани тұтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек.
Бұл – тек салалық министрліктердің ғана емес, бүкіл қоғам болып шешетін тарихи міндет. Осы ретте асырасілтеушілік пен даңғазалыққа жол бермей, парасатты әрі дәйекті түрде әрекет еткен жөн. Мемлекеттік тілді оқымаған және тиісті деңгейде меңгермеген азаматтар тіл білмегені үшін қысым көрмеуі тиіс. Сонымен қатар біздің қоғамда мемлекеттік тілді үйрену, оны білуге ұмтылу қалыпты жағдайға айналуы қажет.
Қазақ тіліне сұраныс артқанда ғана ол көпшілік кең қолданатын тіл болады. Түптеп келгенде, бірнеше тіл білу – әр адамның мәдениеттілігінің белгісі. Ал мемлекеттік тілді, әсіресе ана тілін, яғни қазақ тілін білу – қандай да бір азаматтың мәдени өресі, азаматтық жауапкершілігі қаншалықты биік екенін білдіреді. Сондай-ақ қаншалықты патриот екенін көрсетеді. Жалпы, мемлекеттік тіл төңірегінде оң көзқарас ұстану қажет. Тіл мәселесіне қатысты барлық пікірталас этникалық емес, азаматтық және саяси сипатқа ие екенін түсіну маңызды», – деді президент.
Алайда Тоқаевтың “Мемлекеттік тілді оқымаған және тиісті деңгейде меңгермеген азаматтар тіл білмегені үшін қысым көрмеуі тиіс” дегеніне әлеуметтік желіде түрлі пікір жазылып жатыр.
“Президент ана тілімізді қолдап отырған жоқ. Осы сөздерінен кейін басымызға шығып, білгенін істейтін болды ғой. Өз елімізде отырып, неге жалтақтай береміз Президент мырза? Сұраныс арттыру үшін бәрін қазақша сөйлетуіміз керек қой. Мынау не масқара”, Сонда қазақтардың сұранысы не болды, әлде басқа ұлттар сұрауы керек пе? Олар өліп бара жатса да сұрамайтыны белгілі ғой”, “Онда ол несіне мемлекеттік тіл деп аталады?”, “Мемлекеттік тілді оқымай-ақ қойсаңдар болады деген сөз ғой бұл сонда?”, - деп жазды желі қолданушылары.